Мен елімді сүйемін

Мен елімді сүйемін
С. Мәуленов

Туған жердің көгілдір аспаны сенің кеудең секілді. Сол аспанның төсінде түнде жарқырап тұрған жұлдыздар сенің көздерің секілді. Сен сол туған жердің аспанымен тыныстайсың. Туған жердің жарық күнімен алысқа қарайсың.
Туған ел! Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз-шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, оның жүректей болып желмен лүпілдей соққан гүлдері, оның кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары – осының бәрі-бәрі сенің туған еліңді құрайды.
Туған жерсіз адамның күні жоқ. Алыс кетсең, өз үйіңнің мұржасына дейін сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді. Алыстан сені қол бұлғап шақырады.
Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ. Күлдір-күлдір кісінеп, айнала шапқылаған ала аяқты құлыншақ! Сәуірде бүршік атқан, қылқиып күн көзіне көрінген балауса көк шөп. Өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала. Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шапағына бөленген үйлер – осының бәрі тұтас тұрған туған ел! Ал енді ананың бесікте жатқан әлдиі, әженің тамылжыта төккен тамаша ертегілері, туғандарыңның мейірбанды күлкілері, жеңгелеріңнің тәтті әзілдері – осының бәрі туған еліңнің керемет сипаттары! Туған елдің тілі барша жанға түсінікті.

• Неліктен адамның туған жерсіз күні жоқ?
• Туған жерге, туған елге неліктен риясыз қызмет етуіміз қажет?
• Елін, жерін шын сүйетін азаматтың бойында қандай құндылықтар мен қасиеттер басым болады?
• Өзіңнің туған елдің бір бөлшегі екеніңді қалай түсінесің?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *