Мейрам
Г. Әзімбаева
8-ші наурыз мейрамы жақындап қалды. Бұл мейрамға Раушан мен әкесі дайындалып жүрген. Тек Беріктің ғана қабағы салынқы еді. Ол мамасына не сыйларын білмей басы қатты.
Әпкесі оған:
— Саспа бірдеңесі болар. Сыйлық ойлап таппасаң, сені құтқарамын… – деді.
Міне, көптен күткен мамасының мейрамы да келді. Әкесі мамасына әдемі көйлек алып берді. Раушан өзі кестелеген орамалын сыйлаған еді. Мамасы – мәз. Ал, Берік не сыйларын білмей әлі қысылуда. Барлығы отбасымен үстел басына келіп жайғасуда. Осы кезде әпкесі Раушан:
— Мама, сізге Беріктің де сыйлығы бар, — деді.
— Қандай сыйлық екен?! – деді мамасы.
— Берік математикадан үштік бағасын түзетуге уеде берді. Міне, осындай сыйлық!
Мамасы бұл сөзге қанаттанып, Берікке қараған…
Ал, Берік болса әпкесіне қарап, «енді есепті мықтап қолға алуым керек», — деді іштей.
• Әпкесі Берікті қалай құтқарды?
• Беріктің мамасына ұсынған сыйлығының мәні неде?
• Сендердің өз-өздеріңе осылай іштей уәде берген кездерің болды ма?Неліктен?
• Сүйіспеншіліктеріңді өзгелерге, қоршаған ортаға қалай білдіресіңдер?