Бір үзім нан
Ерте заманда бай мен кедей көрші болыпты. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейді екен. Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған – алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған. Алтын мен күміс түгілі, нанын әзер тауып жүрген жан екен. Егін егіп, өз күнін өзі көріпті.
Бір жылы көктемде алапат, су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:
– Әй, көрші, сен мына бір кесек алтынды ал да, маған бір үзім нан бер, – дейді.
– Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, – деп жауап береді кедей.
Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды:
– Алтынымның жартысын берейін, – дейді ол бұл жолы.
– Жоқ, бере алмаймын, – деп бұл жолы да кедей келіспейді.
Ақыры, аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай бір үзім нанға барлық алтынын айырбастайтынын айтады. Сонда кедей:
– Мен саған нан беремін, өйткені адамдар бір-бірімен барын бөлісу керек, бір-біріне риясыз сүйіспеншілікпен көмектесу керек. Халқымыз «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деп, бекер айтпаған.
Ал, келесі күні су тоқтап, кедей мен бай ағаштың басынан түсіп, бастарына түскен қиындықтан сабақ алып, бұдан былай тату-тәтті көрші болып өмір сүруге уәделесіпті.
• Неліктен адамдар қиын жағдайға тап болғанда бір-біріне көмектесуі керек?
• Бойында риясыз сүйіспеншілігі бар адамның қандай қасиеттері болады?
• Сендер осындай қиын жағдайда өзгелерге көмек бердіңдер ме?Неліктен?