Еркіннің еңбегі
М.Төрежанов
Атасы жаз шыққалы шөп шауып жүр еді. Қаладан қонаққа келген Еркін бір күні:
– Ата, шөпке мені де ала барыңызшы! – деп өтінді.
– Барғың келсе, жүре ғой. Шөп шабуды үйреніп қайтасың, – деді атасы.
Атай арбасына кер биені жегіп, құлынын ертіп, тоғайға келді. Биені шалғынға тұсап қоя берді де, өзі шөп шабуға кірісті. Ол қол шалғыны көсілте сермегенде, жоңышқалы көк шөп қолмен қойғандай түп-түзу болып атжалданып қалып жатыр. Атасының өнеріне қызыға қарап қалған Еркін:
–Ата, мені шөп шабуға үйретемін дегеніңіз қайда? – деді.
– Ұмытып барады екенмін ғой, ана жақтан шалғыны алып келе ғой,– деп жұмсады ол немересін.
Еркінге үйден арнайы алып шыққан шалғыны беріп, қолынан ұстап көрсетіп, демеп, шөп шабуға үйретті. Еркін ұзақ уақыт шөп шауып, өзімен-өзі әуре болып, күнді кештетті. Шапқан жері көп емес. Оның үстіне орған шөбі біркелкі түспей, шашырап жатыр. Жығылғанынан тік тұрып қалғаны көп сияқты. Сонда да атасы:
– Еркінжан, сен шөп шабуды үйреніп қалдың. Атаңмен күнде келіп тұрсаң, демалысың біткенше нағыз шалғышы болып шығасың, – деп немересін мадақтап қойды.
Атасы орамалын жайып, үстіне нан турап, май қойып, Еркінге қымыз құйып берді. Еркін нанға май жағып, біраз жеп алды. Жайшылықта ащы деп ішпейтін қымыздың да екі кесесін сімірді. Оған бәрі де дәмді көрініп, ішіп-жегісі келді де тұрды…
– Еркінжан, іш. Бүгін көп еңбек еттің. Еңбек қаныңды жүргізіп, тәбетіңді ашады. Ауырмайтын да боласың, – деп, атасы өмірден түйгендерін немересінің құлағына құя берді.
• Атасының Еркінге риза болуының себебі неде деп ойлайсыңдар?
• Адамды қандай істер ризашылыққа бөлейді?
• Еркіннің бойынан қандай жақсы қасиеттерді байқадыңдар?
• Өзіңнің еңбектеніп рақатқа бөленген кезіңді суреттеп бер.
Жер – біздің ортақ үйіміз
Жер басып жүрміз, бәріміз,
Ол біздің ортақ үйіміз.
Мәңгілік келген сәніміз,
Табиғат берген сыйымыз.
Бұзбасын ешкім сәнімізді,
Жүректе нала қалмасын.
Ауыртып менің жанымды,
Үйімде соғыс болмасын!
Жер басып жүрміз бәріміз,
Ол біздің ортақ үйіміз.
Әуелеп шықсын әніміз,
Күмбірлеп шықсын күйіміз.
Көбейсін тойлар елімде,
Даламыз нұрмен көгерсін.
Кіршіксіз ашық көгімде
Шарықтап ұшсын көгершін.
Күн төккен ғажап шуаққа,
Жайсыншы сәби алақан.
Болсыншы нұрға бала таң,
Атсыншы күліп жаңа таң.
Көк белдің кешіп шалғынын,
Көктемнің көріп жаңбырын,
Сіміріп өстім таң нұрын,
Ризамын саған, тағдырым!
Шаттыққа шексіз бөленіп,
Адамға сенсін бүгін ел.
Жақсылықпенен көгеріп,
Дөңгелей берсін жұмыр жер.
• Халықта «Жер-ана тіршілікке нәр беріп, анамыздай асырап жатыр» деп айтып жатады, осы оймен келісесіңдер ме? Өз ойларыңмен бөлісіңдер.
• Өз Отанымызға, туған жерімізге риясыз сүйіспеншілікті қалай білдіреміз?
• Сендер жер-ананы қалай аялап жүрсіңдер?
• Туған жерді көркейтуге қандай үлес қосып жүрсіңдер?