Қазақстандағы шаруашылық қызмет шектелген аймақ орман нарығындағы орман өндірісін басқару және орман кесудегі өнімділікті жетілдіру жолдарын қолдану

Қазақстандағы шаруашылық қызмет шектелген аймақ орман нарығындағы орман өндірісін басқару және орман кесудегі өнімділікті жетілдіру жолдарын қолдану.
1 Қазақстандағы шаруашылық қызмет шектелген аймақ орман нарығындағы орман өндірісін басқару
2. Ұлттық парк аумағындағы табиғатты пайдалану режимдері
3. Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орман кесудегі өнімділікті жетілдіру жолдарын қолдану.
Сабақтың мақсаты: Қазақстандағы шаруашылық қызмет шектелген аймақ орман нарығындағы орман өндірісін басқару және орман кесудегі өнімділікті жетілдіру жолдарын қолдану жайында мәліметтер беру.
3.2 Сабақтың теориялық мазмұны.
Біз осы жинақта шаруашылық қызмет шектелген аймақта және туристік және рекреациялық қызмет аймағында жүргізілетін қызмет түрлеріне толығырақ тоқталамыз. Шаруашылық қызмет шектелген аймақта мынадай қызмет түрлері жүзеге асырылады: орманды жанама пайдалану, сауықтыру мақсатында кесу, аралық кесуден басқа күту мақсатындағы кесу және де кесуден алынған сүректі қайта өңдеу, әуесқойлық аңшылық және балық аулау. Орманды жанама пайдалану:
-шектеулі мал жаю,
-марал шаруашылығы,
-шөп шабу,
-әуесқойлық саңырауқұлақ, жеміс пен жидек жинау,
-ара ұясын орналастыру.
Мал жаю. Мал жаюға болатын учаскелерді таңдау және рұқсат етілетін жүктемені есептеуді ұлттық парк қызметкерлері орманды жайластыру жобаларына сәйкес жүзеге асырады. Жыл сайын өндіру және орманды қалпына келтіру жұмыстары бойынша өткізілетін іс-шаралар жоспарын есепке ала отыра, мал жаюға болатын учаскелердің тізбесі анықталады. Тұтынушының өтініші мен мал жаюға ақы төлегенін куәландіратын құжаттары болған жағдайда учаске қысқа мерзімге (бір жылға дейін) беріледі. Ұлттық парк аумағындағы шаруашылық қызмет шектелген аймақта мал жаю бойынша орман билетінің құнын есептеуді жүргізу үшін жайылымдықтардың жағдайын (ұлттық парк бойынша бұл негізінен сапасы орташа жайылымдар, құны 1 гектар үшін 40 теңгені құрайды), мал басының санын және әрбір түр (қойлар, ірі қара малдар, жылқылар) үшін мал жаюдың жеке нормасын есепке алу қажет. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу мен мал жаю ережелерінде келтірілген жаю нормасы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің 2005 жылғы 28 ақпандағы №46 бұйрығымен бекітілген. Таулы аймақтар үшін мынадай көрсеткіштер белгіленген: қойлар мен ірі қара малдар үшін мал жаю нормасы бір басқа 0,75-1,5 гектар, жылқылардың бір басы үшін 1гектар.
Мысалы: Топқайын ауылының тұрғынына ірі қара малдың 40 басына орман билетін жазып алу қажет. Билет құны мынаған тең болады: ірі қара малдың 40 басы х жаю нормасы х жайылымның жағдайы — ( 40 бас х 1,0 гектар х 40 теңге = 1600 теңге). Осылайша, орман билетінің құны 1 600 теңгеге тең болады. Жайылым ретінде пайдаланылатын жерлерді ұтымды қолдану режимдері мен ережелерін сақтауды бақылау рейдтік іс-шаралар барысында жүзеге асырылады. Шөп шабу. Шөп шабу үшін алдымен орманды қалпына келтіру (орманды табиғи және жасанды жолмен қалпына келтіру) іс-шараларын жүргізу қарастырылмаған, осы мақсатқа жарамды алаңдар, сонымен қатар алаңқайлар және ағашсыз жерлер бөлінеді. Шөп шабуға арналған учаскелер қысқа мерзімге (бір жылға дейін) пайдалануға беріледі. Ұлттық парк аумағындағы шаруашылық қызмет шектелген аймақта орманшылыққа немесе шебер учаскесіне өтініш беру қажет. Осылай, ұлттық парк аумағындағы шаруашылық қызмет шектелген аймақта шөп шабуды жүзеге асыруға арналған рұқсат қағазын (орман билетін) алу үшін орманшылыққа немесе шебер учаскесіне шөп шабу науқанынан екі апта уақыт бұрын өтініш беру қажет. Негізінен шөп шабуға арналған барлық учаскелер жыл сайын сол бір тұтынушылармен пайдаланылады. Шөп шабуға арналған орман билетінің құны мынадай көрсеткіштермен анықталады: Шөп шабуға қатысты бөлінген учаскенің ауданы (гектар) х шөп шабуға пайдаланылатын жердің өнімділігі (ц/га). Ұлттық парк бойынша шөп шабуға пайдаланылатын жердің орташа өнімділігі 8 ц/га құрайды, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының 2004 жылғы 22 желтоқсандағы №9/118-III шешімімен бекітілген орманды пайдалануға арналған төлем ставкасына сай, 1 гектардың құны 80 теңгені құрайды. Әуесқойлық саңырауқұлақ, жеміс пен жидек жинау. Жергілікті тұрғындар рұқсат құжаттарынсыз -ақ орманды пайдалануға арналған төлем ставкасының нормасы шегінде, өз қажеттіліктері үшін жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жемістер мен жидектер, емдік шикізаттарды жинауды жүзеге асыра алады. Мысалы: Қабырға ауылының тұрғыны 10 кг таңқурайды жинауды тегін жүзега асыра алады, бұл тегін жинауға арналған мөлшер, ал егер де ол 15 кг таңқурай жинауды жүзеге асырса, онда оған мөлшерден асқан 5 кг үшін таңқурайдың әрбір килограммына 12 теңгеден ақы төлеуі қажет. Саңырауқұлақтар, жаңғақтар, жидектер жинау билеттерді рәсімдеусіз-ақ, еркін жүргізіледі, бірақ тұтынушы міндетті түрде орманда белгіленген өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтауы қажет және орман өсімдіктеріне, жеміс жидек ағаштарына, саңырауқұлақ жіпшесіне зиян келтірмеуі керек. Жаңғақтар, жидектер, саңырауқұлақтар жинау белгіленген мерзімде жүргізіледі. Ұлттық паркке келушілер саңырауқұлақтар, жидектер, жаңғақтар жинауды жүзеге асыру үшін орман билетін, сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіру үшін рұқсаттама жазғызып алуы қажет. Ара ұяларын орналастыру және омарта шаруашылығы үшін тоғайлардың шеті және орман алаңқайлары беріледі. Берілген учаскелердегі ағаштарды кесуге, тазалауға және орман алаңдарын жыртуға және құрылыстар салуға рұқсат берілмейді. Осылайша, рұқсат құжаты ұлттық парк аумағында саңырауқұлақтар, жаңғақтар, жидектер, емдік шөптер жинау, шөп шабу, мал бағу, сонымен қатар ара ұяларын орналастыруды қоса алғандағы орманды жанама пайдалануды жүргізуге арналған орман билеті болып табылады. Жанама пайдалануға арналған төлемді куәландіратын құжаттар бар болған жағдайда, орманшылықта немесе шебер учаскесінде орман билеті жазылып беріледі. Мал жаю, учаскелер жайында, орман билетінің құны, сонымен қатар ұлттық парк аумағындағы пайдаланудың әрбір түрі үшін ақы төлеуді рәсімдеу және жүзеге асыру бойынша толық ақпаратты орманшылықтар мен шебер учаскелерінен алуға болады. Ағаштарды сауықтыру мақсатында кесу, аралық кесуден басқа күту мақсатындағы кесу және де кесуден алынған сүректі қайта өңдеу. Жыл сайын парк аумағында ормандардың сапасын арттыру және сауықтыру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Оларға күту мақсатындағы кесулер, сауықтыру және өзге де мақсаттағы кесулер жатады. Күту мақсатындағы кесу кезінде жақсы өсіп келе жатқан ағаштарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында, өнімділігі жоғары екпе ағаштардың құрылуы және сақталуы, орманның пайдалы қасиеттерін жақсарту үшін тозған, өсуден қалған ағаштар шабылады. Сауықтыру мақсатындағы кесу кезінде діңіне зиянкестер түскен, ауруларға шалдыққан, жел, қар зақымдаған, кепкен, қураған, сонымен қатар майысқан және механикалық зақымданған ағаштар шабылады. Күту, сауықтыру және өзге де мақсаттағы кесуді жүргізу кезінде сүректі дайындауды ұлттық парк өзі, немесе жергілікті тұрғындардың қатысуымен жүзеге асырады. Жүргізілген орман шаруашылығы іс-шаралары барысында алынған сүрек (кәделік, жартылай кәделік, отындық) ұлттық парктің өзіндік шаруашылық мұқтаждығын, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен ұйымдардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады. Парк аумағында тыс жерден келіп ағаш дайындайтындар жоқ, өткізілетін іс-шаралардың дұрыстығын бақылау көктемгі және күзгі тексерулер өткізу уақытында, сонымен бірге жоспардан тыс тексеріс кезінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан аумақтық орман және аңшылық шаруашылық басқармасының мамандары тарапынан бақылау жүргізіледі. Жоспарлы орман шаруашылық жұмыстарының көлемі орманды орнықтыру материалдары, сонымен қатар парктің екпе ағаштарын потологиялық тексеру негізіндегі жоспарлық тапсырмалардан шығады. Материалдар бойынша орманды аралық пайдалануға арналған жиынтық тізімдеме жасалып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне келісімге жіберіледі. Аралық пайдалану бойынша кесу көлемін бекіткеннен кейін ұлттық паркке орман шаруашылық іс-шараларын жүргізуге рұқсат беріледі. Ары қарай әрбір орманшылыққа ағаш кесу билеттері жазылады. Әрбір орманшылыққа бөлінетін ағаш көлемі (лимит) Орман және аңшылық шаруашылығы комитетімен келісілген ЕҚТА аумағында тыйым салынған кесулерден өзге, аралық пайдалануға арналған жиынтық тізімдеменің негізінде анықталады. Жыл сайын сауықтыру-таңдап кесулер, күту және өзге мақсаттағы кесулердің көлемі шамамен 30 мың текше метрді құрайды, оның ішінде 25 мың текше метрге жуығы отындық және 5 мың текше метрге жуығы кәделік ағаш. Сондықтан да жеке тұлға жөндеуге немесе үй салуға, қосалқы ғимараттар құрылысына қажет кәделік сүректерді алу үшін өтініш беруі қажет. Ол өтінішті әкімдік жұмысшылары, ауыл ақсақалдары және ұлттық парк қызметкерлерінен құрылған комиссия қарастырады. Комиссия келісім берген жағдайда өтінушіге кәделік ағаш беріледі. Ал заңды тұлғалармен (шаруа қожалықтары және өзге ұйымдар) тәртіп өзгешелеу, олармен келісім шарт жасалынады. Жергілікті тұрғындар орманшылықтар мен шебер учаскелеріне отындық ағаштар, құрылыстар мен жөндеулер үшін ағаш алу мәселелері бойынша бара алады. Орман өнімін босатуға арналған бұйрық отындық және кәделік ағаш алуға арналған рұқсат қағазы болып табылады. Соңғы 5 жыл уақыт ішінде кәделік ағаш бөлу бойынша 706 өтініш қаралды, 37 өтініш тіркелді, бірақ кәделік ағаштың жоқ болуына байланысты өтініштер әлі қанағаттандырылмады. Өтініштер бойынша бас тартулар жоқ. Өтініштерді қарау бойынша жиналыс хаттамаларымен орманшылықтарда танысуға болады. Әуесқойлық (спорттық) аңшылық және балық аулау. Ұлттық парк аумағында әуесқойлық (спорттық) аңшылыққа рұқсат беріледі. Пайдаланушылар лицензия алу үшін бір ай бұрын жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөліміне өтініш беруі қажет. Түскен өтініштердің барлығы тіркеледі, және де парк аумағында аң аулауды жүзеге асыруға арналған ұлттық парк бойынша рұқсат алуға (лицензия,марка) өтінім дайындалады. Өтініштер беру мерзімі: тұяқты жануарлар бойынша 10 тамызда, суырлар бойынша маусымда. Шығыс Қазақстан аумақтық орман және аңшылық шаруашылық басқармасымен берілетін рұқсатты алғаннан кейін, мынадай құжаттары болған жағдайда тұтынушыларға лицензиялар мен маркалар (аң аулаудың бір маусымына ғана беріледі) алуына болады:
1. Аңшылық минимум бойынша эмтихан тапсырғандығы және аумақтық органда тіркелгендігі туралы белгісі бар аңшы куәлігі (аңшы билеті);
2. Жеке куәлігі;
3. СТТН, ӘЖК;
4. Аң аулау кезінде оқатар қаруды пайдалануда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының аңшылық оқатар қаруды сақтауға және ұстауға арналған рұқсаты болуы қажет;
5. Жануарлар әлемінің объектілерін пайдалануға арналған ақыны төлегенін куәландіратын құжат.
Ары қарай лицензия, марка берумен жолдама рәсімделеді. Жолдаманың рәсімделгеннен кейінгі қолданылу мерзімі 10 күнді құрайды. Спорттық-әуесқойлық балық аулауды жүргізу үшін ЕҚТА аумағын және балық аулаудың объектілері болып табылатын жануар түрлерін пайдалануға арналған төлем туралы куәландіратын құжат болған жағдайда рұқсаттама мен жолдама жазылады. Жолдамада мерзімі ( 3 күн), орны (өзен, көл), орманшылық, аулау нормасы (5 кг), сонымен қатар аулау құралы (5 ілмектен аспауы қажет) көрсетіледі, ал кері жағында әуесқой балықшыға арналған жаднама болады. Жолдаманың құны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 15 сәуірдегі №429 қаулысымен бекітілген жануарлар дүниесін пайдалануға арналған төлем ставкалары негізінде анықталады. Мысалы: хариус балығының 1 кг — 50 теңге, аққайрандікі – 10 теңге тұрады. ЕҚТА ғылыми, мәдени-ағарту және оқыту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжат негізінде жазылған рұқсаттама ұлттық парк аумағына кіруге арналған рұқсат қағаз болып табылады. Ұлттық парк аумағына кіруге арналған рұқсаттама құны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалануға арналған төлем ставкалары негізінде анықталады. Аумақты пайдаланудың түріне байланысты төлем ставкасының мынадай түрлері анықталған: туристік және рекреациялық мақсатта – 0,2 АЕК (234 теңге); шектеулі шаруашылық мақсатта – 0,1 АЕК (117 теңге); ғылыми, мәдени-ағарту және оқыту мақсаттарында — 0,1 АЕК (117 теңге). Келуші ЕҚТА пайдалану үшін төлемді растайтын құжаттын ұлттық парк аумағында болған соңғы күніне дейін сақтауы қажет. Төлемді Катонқарағай, Шыңғыстай, Чернова, Өрел, Берел, Арчаты, Коробиха, Печи, Ақсу ауылдарының пошта байланысының бөлімшелерінде немесе филиалдардың кеңселерінде, орманшылықтарда және Катонқарағай ауылындағы орталық кеңседе жүргізуге болады. ЕҚТА кіру, шөп шабу, мал жаю, дәрілік шөптер, саңырауқұлақтар, жеміс-жидектер, жаңғақтар жинау, бал ұяларын орнату, спорттық-әуесқойлық аң және балық аулаудан түсетін барлық төлем сомасы Катонқарағай ауданының салық комитетінің есеп-шотына түседі. Ұлттық парк аумағының шекарасында тұрақты тұратын жергілікті халыққа, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететін дәстүрлі шаруашылық қызметтің негізгі түрлерін жүзеге асыру үшін, күзетудің қорықтық режим орнатылған аймағынан өзге барлық функциональді аймақтарға кедергісіз өтуіне рұқсат беріледі. Туристік және рекреациялық қызмет аймағында ұлттық парк туроператорлармен бірге жеті маршрут бойынша туристерді қабылдауды және еріп жүруді жүзеге асырады: «Ақ Берел» рекреациялық -танымдық экологиялық соқпақ Табиғи кешен: Язевое сарқырамасы — Язевое көлі – Көккөл сарқырамасы, мұздықтар – Мұзтау тауы – Жоғарғы лагерь – Сенім, Үміт, Махаббат таулары. «Арасан» экологиялық соқпағы, «Алтай соқпақтарымен» экологиялық маршруты Табиғи кешен: Арасан сарқырамасы – Арасан көлі – Рахман көлі – «Рахман Қайнары» родон көздері — Венера шаштары сарқырамасы – Қуаныш асуы – Қара Берел сарқырамасы. «Көлді» экологиялық маршруты Табиғи кешен: Щебенюха тауы — Айыртас тауы- Маралды көлі – Хайрюзовое көлі – Чернова көлі. «Көшпенді» маршруты Өскемен қаласы — Марқакөл – КҚМҰТП – Өскемен қаласы ( маршруттың ұлттық парк аумағымен өтетін бөлігі қарастырылады) Табиғи кешен: Бұрқат асуы – Қара-Қаба өзені – ескі австриялық жол. «Бүркітауыл» экологиялық маршруты Табиғи кешен: Бүркітауыл тауы – тау алды аңғары «Бұландыкөл көліне», «Марал соқпақтарымен» экологиялық маршруттары Табиғи кешен: Бұландыкөл көлі – Язевое көлі «Тынық көліне» экологиялық маршруты немесе «Хрусталь сыңғыры» оқыту экологиялық соқпағы Табиғи кешен: Өрел өзені — өзен аңғары – Тынық көлі
Ұлттық парк туристерді қабылдауды ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғындарды да тартады. Елді мекендер аумағында ұлттық паркпен келісім бойынша 11 қонақ үй жұмыс істеп тұр. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 6 жылдық жұмыс барысында алға қойған міндеттерін орындауда мынадай жетістіктерге жетті:
-Табиғи қорықтық қордың объектілерін және биологиялық әртүрлілікті қорғау бойынша жұмыстар жолға қойылды.
-Браконьерлік фактілердің, мемлекеттік шекара режимін бұзудың алдын алу бойынша іс-шараларды бірлесе өткізу жөнінде құқық қорғау органдары және шекара комендатурасы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу жолға қойылды.
-Жыл сайын ұлттық парк аумағында өртке қарсы іс-шаралар жүргізіліп, жолдар жөнделеді, аншлагтар, дем алу орындары орнатылады, осы істер ұлттық парк құрылған жылдан бастап ірі орман өрттерінің шығуына жол бермеді.
-Ормандарды сауықтыру мақсатында орман шаруашылықтық іс-шаралар өткізіледі.
-Екпе ағаштар отырғызу, орманның табиғи жолмен қалпына келуіне жағдай жасау есебінен орманмен көмкерілген алаң ауданы 1920 гектарға артты.
-Белқарағай орманшылығындағы орман тұқым бағының жұмысы жаңғыртылды.
-Белқарағай тұқымбағында жидектің және аудандастырылған өнімділігі жоғары жемісті бұталардың (қарақат, ұшқат, таңқурай) алқабын құру үшін ҒЭҚ/КГБ күрделі қаржысы тартылды.
-Алтай орманшылығында ҒЭҚ/КГБ жобасының шегінде ұлттық парк аумағында кездесетін, ҚР Қызыл кітабына енгізілген сирек және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін көруге болатын демонстрациялық учаске құрылды.
-Орманнан жиі кездесуіне байланысты жабайы аңдар мен құстар санының артқаны байқалады; еліктер елді мекендерге жақын келетін болды; парк аумағында жабайы шошқалар да пайда болды, парк көлдерінен дентұмсық тұрпан, сұңқұлдақ аққу сияқты құстардың сирек кездесетін түрлерін көруге болады.
-Жабайы аңдардың санын артуына әсер ететін жоспарлық биотехникалық іс-шаралар өткізіледі.
-Табиғи-қорықтық қордың объектілеріне мониторингтік зерттеулер жүргізіледі. Ұлттық парк флорасы мен фаунасын есепке алу бойынша зерттеулер жалғастырылып, жинақ материалдары, гербарий, кітапхана қоры толықтырылуда.
-2006 жылы ұлттық парктің ғылыми еңбектер жинағының бірінші томы жарық көрді. Ғылым бөлімінің қызметкерлерімен 44 ғылыми жарияланым әр түрлі ғылыми басылымдарда жарияланды.
-Қазақстан Республикасы және Ресей академиялық институттарымен байланыс жолға қойылды.
-Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарымен, сонымен қатар Катунь биосфералық қорығымен (Ресей) бірлесе жұмыс істеу жолға қойылды.
-Жыл сайын ұлттық парктен тек қана өз республикамыздікі емес, сонымен қатар қиыр шығыстың елдері Польша мен Чехияның жоғарғы оқу орындарының, орта кәсіби білім беру орындарының студенттері танымдық және өндірістік іс-тәжірибеден өтеді.
— 4 мектеп орманшылығы және 16 экологиялық -туристік мектепішілік клубтар құрылды. Өрел орта мектебінің “Кедр” орманшылығы Санкт-Петербург қаласында өткен III Халықаралық юниорлық орман сайысында жеңімпаз атанды. Балалар I орын мен сайыстың Бас жүлдесі “Алтын бүршікті” жеңіп алды (2006 жылдың қазаны).
-Экологиялық туризмді дамыту саласындағы туроператорлармен, үкіметтік емес ұйымдармен, жастардың қоғамдық бірлестігімен әріптестік жұмыстар жолға қойылды.
-Ұлттық парктің логотипі салынған баспалық және сыйлықтық бұйымдарды шығару жүзеге асырылуда.
-Экологиялық туризмді дамыту, соқпақтарды жайластыру, туристік маршруттарды әзірлеу, туристік қызметті ақпаратпен қамтамасыз етуді дамыту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
-Жыл сайын табиғатты қорғау іс-шаралары “Парктер шеруі”, “Құстар күні”, сонымен қатар экологиялық-туристік слет “Жасыл алаң” өткізіледі.
-Жергілікті тұрғындармен, мектептермен, ұйымдармен экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі.
Бұл орындалған жұмыстардың толық тізбесі емес, ал істелетін жұмыстар бұдан да көп. Осылайша, ұлттық парктің қызметі, қазіргі және өскелең ұрпақ үшін, бүгінгі күні және келешекте аймақтың табиғатын сақтауға, оны тиімді пайдалануға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *