КІШІ ЖҮЗДЕГІ ШЕКТІ ТАЙПАСЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫЗ РУЫ ТУРАЛЫ
Кіші Жүз, Әлімұлы ішіне ерте 16-17 ғасырларда қоныстанған Қырғыздар Тата, Естек, Барақ тайпалары болып бөлінеді.
Атақты Барақұлы Ақкісі батыр қолбасшы 1734 жылдары шамамен 94жаста қайтыс болған. Оның балалары Бәйімбет те, Қара да — батыр, тарихи тұлғалар.
Қырғыз Едігеұлы Қайдауыл батыр 1766-1889 ж.ж. Ақкісіұлы Бәйімбет шамамен 1690-1748 ж.ж.
Негізі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Байқадам елді мекенін Қырғыз рулары шоғырланған.
Шекті Айтұлы Тілеу 1630-1684ж.ж. Барақұлы Ақкісінің Сұлу есімді қызын алған.
Сұлу әжемізден Тілеуұлы Мөңке би туған.
Тілеуұлы Мөңке 1675-1756 жж. Қырғыз Барақұлы Ақкісі Мөңкенің туған нағашысы.
Тарихи деректерге сүйінетін болсақ ақын, жырау, шежірешілердің айтылған сөздерінде бір-біріне ұқсастық көпкездеседі.
Айтұлы Тілеу тарихта белгілі Сайрам соғысына аттанарда Сұлу әжеміз осы сапарға бармауын өтінген .
«Жүз жылдығын болжайтын Мөңкені (1675-1756ж.ж) туып бердім ,мыңжылдығын болжайтын бала белімде» — деген екен.
Айтұлы Тілеу және де баласы Тілеуұлы Жолдаяқ батыр (1665-1684 ж.ж) осы соғыста мерт болған. 1684 ж. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, әкелі-балалы екеуі де сол жерге жерленген.
Бұл тарихи нақты дерек.
Екінші нақты деректер Қырғыз руының белгілі қариялары Қыдырбайұлы Дошан, Рахманбердіұлы Иса, Бижанұлы Ақбай, Наурызбайұлы Қазанғап осы аталған қариялар тірі кезінде ауызша айтумен 1970-1973 жылдары Тасбағамбетов Нұрғалы жазып алған.
Осы деректерге сүйене отырып Қырғыз руы қазақ жерінде ру болып қалыптасуына Айтұлы Тілеу жәнеде Ақкісіқызы Сұлуға тікелей байланысты.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы өңірінде 1858-1929 жылы өмір сүрген Боранбайұлы Сарышолақ шайыр, ақын Қырғыз Едігеұлы Қайдауыл батырға 1766-1889 жж дастан, хиса арнаған.
Жоғарыдағы келтірілген деректер нақтырақ болсын деп дастаннан үзінді беріліп отыр:
Қайдауыл батыр
Барақтан туған Ақкісі,
Тілеуде атам барары,
Ер Тілеуді кім десең ,
Нақты да сөздің жоралы.
Ескіден қалған ұзын жол,
Кең арналы сорабы,
Сұлуын алып Ақкісі,
Ел болды ғой қоралы,
Тілеуден туған Мөңкенің,
Талайдан да асты оралы,
Атам Тілеу күйеуі Қырғыздың,
Талайы тоқтап барары,
Қырғыз қайдан жүр десең,
Жырауың сөзді табады.
Ен сайдан келген себеппен,
Бес жүз шаңырақ шамалы.
Талай су ақты жыл өтті,
Кеңейтті арна саланы.
Сіңісіп кеткен Әлімге,
Соншама жанның қарамы,
Өтірік айтсам шежіре,
Пейілінен табады.
Бөлмелеген ешкім жоқ,
Тал бесікті баланы.
Маңдайға жазған сол болса,
Жарылқаралдан талабы.
Бір руы Әлімнің,
Із түспеген сонары .
Бір аяқтан ас ішіп ,
Ортақта болды торабы.
Тасбағамбетов Нұрғалидің жеке қолжаз бажинақтарына налынған деректер.1972ж.
Боранбайұлы Сарышолақ шайырдың Қырғыздың байы Досыбекұлы Талтаққа айтқан толғауынан үзінді, бұл да тарихи нақты дерек:
Сыр менен Қаратауды белден басып,
Барғанда көп жылқымен Қырғыз асып.
Ауылына Ақкісінің маңдай тіреп,
Тілеуге болған екен апаң ғашық.
Апаңыз қарулы екен топты жарған,
Адамды ұнатқаннан қылған арман
Бір айғыр шыңырауға түсіп кетіп,
Апаңыз сол айғырды жалғыз алған.
Қыласың әр нәрсені Талтақ мақтан,
Қырғызбен бірге едік Әлімсақтан.
Біздің жер өз жеріңдей болып кетті,
Құр емессің дарыған байлық, бақтан.
О, Қырғыз Енсайыңды қиып кеттің,
Келдің де біздің елге сыйып кеттің.
Тілеуден тарапшықты талай ұрпақ,
Апаңның мәртебесін биіктеттің.