Күн кімдікі

Күн кімдікі
Қ. Толыбаев

Ұлы таулардың арасы, жайлау түсті. Сімерлеп таң атып келеді. Бірте-бірте жер бетінің жарығы молая түсті. Төскейді өрлеп қой өріп барады. Сиырлар қозғалмастан қорада күйсеп жатыр. Жылқылар биебау басына иірілген. Сол маңдағы кісілер құлындарды ұстап, ноқта кигізген соң, желіге байлап жұр. Күннің шуағы жамырады.
Айналасын сеңгір таулар қоршаған Суық төбенің жайпақтау бір қолатына екі ақбоз үй қатар тігілген. Төбесінен сым қарағайлар төніп тұр. Сай табанындағы өзен жағасы сірескен өрім тал. Жотаның теріскей қапталы сыңсыған көк теректер мен ақ қайындар.
Үй алдындағы жерошақтан ұшқан көкшулан түтін жел жоқ болған соң, шудасы үзілмей, тіке көкке өрлейді.
Күндегісінен ертерек оянған екі бала сыртқа шықты. Тау қапталын тұтас жапқан қарағайлардың арасында діріл қаққан ақ сәуле алтын тамшыдай жылт-жылт етеді. Әлен мен Мәнен жотаның қырына иегін артып, сығалап тұрған Күнге көздерін сығырайта карады. Күліп тұрған секілді. Соған қызықтады ма:
– Анау күлімдеп тұрған Күн менікі!..– деді Әлен жымия еміреніп. Оған Мәнен көне коймай, таласа кетті.
– Жоқ, сенікі емес, ол менің Күнім!.. Кеше сен аспандағы әппақ бұлтты менікі дегенсің. Ол кешегі бұлт қой, бүгінгі мына Күн менікі.
– Бәрі сенікі бола бере ме? Сенің бұлтың әне, тау басында тұр. Ал күн менікі!..
Екі бала бірінің айтқанына бірі көнбей дауласа кетті. Ерегескен дауыстары шіңкілдеп, қаттырақ шықты. Ызалы дауыстарды естіген шешесі кұлақ түріп, таластарының мәнісін ұқты. Жерошақтағы отты қағыстырып қойып, балаларының қасына келді. От табына қызған қызыл-күрең беті албырған. Екі баланың ортасына тұрып, еркелете айдарларынан сипады да, түсіндіре бастады.
– Сендер мынаны біліп алындар: көктегі Күнді жеке адамның иемденуіне болмайды.
– Неге?.. Ол менің Күнім болуға тиіс,– деді Мәнен жеңілгісі келмей. Шешесі езу тартты.
– Өйткені, Күн – әлемдегі жан-жануарлардың, күллі тіршілік иесінің бәріне ортақ ырыс. Жер бетіне шуағын, жылы нұрын себелеп, жібектей жүмсақ сәулесімен аймалайды. Сөйтіп күллі тіршілекке нәр береді. Ұқтыңдар ма?..
– Онда таласпай-ақ қоялық, Мәнен – деді Әлен үлкендігін білдіріп. Күн – саған да, маған да, анау жартастар мен тауларға да, өрістегі малға да, жайқалған шөпке де, қарағай мен қайындарға да, Суық төбе сайының табанындағы суға да ортақ екен.
– Өзің ғой таласқан..– деді жуасыған Мәнен. Әленнің сөзін шешесі толықтырды.
– Шапаққа оранып, жалтырап тұрған анау Ақтас та, шуаққа жонын тосып манаурап жатқан Жуантөбе де Күн менікі деп таласпайды. Кайта бас иіп, табынады.
– Ендеше мен Күнге бас иемін!..– деді де, Мәнен жота жақта күліп тұрған Күнге қарай еңкейді.–Жарқырай бер, Күн ата!..
Шешесі ерке баласының, Әлен айтқанынан қайтпайтьн қайсар інісінің қылығын қызықтап, күлісті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *