АШУ
(авт: Алмас Темірбай )
…Елге кетем!
Ен далада қой бағам,
Елсіз жерде емін-еркін ойланам.
Жыным келді жындыхана-заманға
Аурулары аруақпен ойнаған.
Ішкен асы ішімдіксіз тарамас,
Тәбеті – сау, қарыны – тоқ, араны – аш.
Атқамінер арсыздардың жанында
Атқосшы боп жүргендігім жарамас!
Далам менің – данагөйім, арысым,
Аманат қып берген маған намысын.
Қара өлеңді қор қылмаймын, қорламан,
Қара су мен қара нанның қамы үшін!
Деп ойлап ем: «Дүниені ізгі етем»,
Сорлылықтың сорақысы бізде екен.
Еркекшораң ер болам еркінсіп,
Қыздан бетер қылымсиды қызтекең!
Ит-тірлік-ай, ала көзді ақшиттың,
Мен – өлігін көрсетпейтін жақсы итпін!
Апырмай, ә, ақыл тісім шыққалы
Ақылсызға азуымды ақситтым!
Жендет-жалған, жан қинауға шеберсің,
Қолшоқпарың қолыңда ғой, не дерсің?!.
«Дүние – кезек» деген мәтел шын болса,
Сен де менің алдыма бір келерсің!..
Кетем елге…
Жетер жаза басқаным,
Керегі жоқ туған жерден басқаның.
…Төбесіне көтереді Тауларым,
Маңдайымнан сүйіп менің Аспаным!…
Алмас ТЕМІРБАЙ.
2003 жыл.