Шәкен Айманов

Шәкен Айманов
(1914-1970)
Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы 15 ақпан айында Павлодар облысының Баянаула ауданына қарасты С.Торайғыров атындағы совхоздың Айман бұлақ деген жерінде дүниеге келген.
Шәкен Семей қаласында әуелі мектепте, одан кейін педагогикалық техникумда оқып жүрген жылдары 1928-1933жж.қаладағы көркем өнерпаздар үйірмесіне белсене қатысады. Содан 1933 жылы белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің Алматыға арнайы шақыртуымен келген. Ол қазақ драма театрының құрамына актер болып қабылданып, 1954 жылға дейін осында қызмет атқарады. Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1947 жылдан 1951 жалға дейін театрдың көркемдік жағын басқарумен бірге бас режиссері болып та істеді. Театр сахнасында қайталанбас образдарды сомдаған Шәкенге 1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген құрметті атақ берілді.
Ш.Айманов репертуар бойынша бір-біріне ұқсамайтын кереғар әр алуан рольдерді орындап, өзінің табиғи творчестволық диапазонының кеңдігін байқатты. Ол көбіне басты рольдерді ойнап, сындарлы ойынымен көрермен құрметіне бөленді. Әсіресе Шәкен Кенжетайұлы жасаған сахналық портреттер қатарында І.Жансүгіровтің «Исатай Махамбетінен» Исатай, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысынан» Ақан сері және М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысынан» Қобыланды секілді қаһармандық-поэтикалық тұлғаларды айрықша атауға болады. Бірқатар өткір мінезді, әрі сатиралық бейнелер жасады. Олардың қатарында Казанцев М.Әуезовтің «Түнгі сарында», Қодар Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында», Керім М.Әуезов пен Л.С.Соболевтің «Абайында» бар еді. Шәкен аға театр сахнасында көрсеткен жоғары деңгейдегі өнері үшін 1947 жылы Қазақстанның халық әртісі деген құрметті атаққа ие болады.
Шәкен Айманов 1940 жылдан бастап киноға түскен:
«Райханда» Сәрсен, «Абай әнінде» Шәріп 1945ж,. «Алтын музейде» Досанов 1948ж., Жамбыл «Жамбылда» 1952ж., «Алдар Көсе» Фильміндегі Алдар Көсе рөлі үшін 1965 жылы Ш.Айманов Қазақстан мен Орта Азия республикалары кинематографистерінің 4-ші жарыс байқауының арнаулы дипломына ие болды. Шәкен Кенжетайұлы 1967 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды, 1959 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *