Садық Кәрімбаев
(1918-1975)
Қызылтаудың өңірінде туған. Музыка өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін 1947 жылы Садық Бақытбекұлы Кәрімбаевқа Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артисі құрметті атағы беріледі.
Садық бала кезінде жанарынан айырылса да, намысшыл адам болып өседі. Композитор өз өмірбаянында өнер жолының бастауы туралы былай жазады: «Мен Сарыарқаның даңқты жері Баянауылда тудым, балалық шағым Ертістің жағалауында Павлодарда өтті. Аурудың салдарынан екі көзден айырылдғандықтан өнер мектебінде оқи алмадым. Арқаның белгілі әнші, музыканттары Жаяу Мұса мен Майра менің ұстаздарым болды. Майраның үйімен бірнеше жыл көрші тұрдық. Майра гармонь тартып, ән салғанда үйдің іші ғана емес, менің де ішкі жан дүниемді нұрландырып жібергендей болатын. Әншінің ғажап дауысы басқа әлемге жетелегендей болып, көңілімді көтеретін». Әнші-композитор Майра осылайша Садықтың композитор, әнші, музыкант ретінде қалыптасуына әсер етіп, шынайы музыка өнері әлеміне жетеледі.
Майра Шамсутдинованың талантымен қанаттанған жас дарын музыкалық білім алуға 1930жылы Алматыға аттанады. Садық талантының арқасында аз уақыт ішінде астана жұртшылығына әнші, музыкант ретінде танылады. Домбыра мен гармонда қазақ әндері мен күйлерін орындап, сүйіспеншілік пен бедел жинайды. Өлкелік комсомол комитетінің көмегімен Сібір темір жол басқармасы Түркістан клубының көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысады. 1936 жылы халық әндерін орындаушылар республикалық конкурсында Гранприді иемденеді. Осыдан кейін Қазақ радиосына музыкант қызметіне шақырылады.
4