Қожеке Назарұлы
Қазақтың күйшісі. Жетісудың төрі болып есептелетін Қарқарада дүниеге келген. Қожекенің әкесі Назар сөзге шешен, төңірегіне ықпалды адам болған.
Қожекенің ел ісіне ерте араласуына әке тәрбиесі ықпал еткен. ХIХ ғасырдың екінші жартысынан Жетісуға тізе батыра бастаған Ресейдің отаршыл саясатына бас имеген Қожеке 1862жылы төрт жүздей үйді бастап, үдере көшкен беті Текес өзенінің бойына келеді. Қожеке бастаған рулы елдің көшіп келуіне Қытай өкіметі де бейтарап қарамаған. Алғашқыда Қожекеге шен-шекпен беріп, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыруға қолданбақ болады. Қожеке сияқты біртуар тұлға халқының қамына қиянат іске бармайды. Ақыры, тәкаппар күйшіні айтқанына көндіре алмаған Қытай өкіметі оны азаптап өлтіреді.
Қожеке өзі куә болған, өзін толғандырған өмір құбылыстарының баршасын күй тілінде баяндап отырған. Бұл күнге дейін Қожекенің жүзге тарта күйлері жеткен. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады.
Назарұлы Қожекенің күйлері: «Ағарсынның ақ толқыны», «Аққу», «Арман», «Баекенің естіртуі», «Балаларыма», «Балам –ау», «Боз жігіт», «Бөлтірік», «Біржан сал», «Жиренше», «Қарашаштың қазасын естірту», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Кертолғау», «Көрұғылы сұлтан», «Күй бастар», «Күй шақыртқы», «Қамбархан», «Қолға алынар алдында», «Қос келіншек», «Қинау», «Құл пенде», «Мұңлық», «Өз қолым», «Рабат төренің естіртуі», «Раушан», «Сайрам көл», «Сарбаны бұлбұл», «Тарту», «Тоқтарым», «Түрмедегі қинау», «Шалқайма» т.б.