Дина Нұрпейісова

Дина Нұрпейісова
(1861-1955)
1861 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туып өскен. Халықтың күйші композиторы, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері.
Әкесі белгілі домбырашы адам екен, қызы Динаға 8 жасынан бастап-ақ сол өнердің қыр сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі де сол кез еді. 8-9 жасар Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырады. Құрманғазының мектебінен өту Динаның домбырашылық өнерін шындай түсіп, ол өз жанынан да күй шығара бастайды. Динаның тырнақалджы «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі.
1916 жылғы қазақ даламындағы ұлт-азаттық күресі Дина Нұрпейісованың шығармашылығына елеулі әсер етті. Осы оқиғаға шығарған «1916жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арналған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады.
Дина Нұрпейісованың композиторлық творчествосының кемелденіп, күйшілік орындаушылық өнерінің шабыттанған шағы кеңестік дәуір. 1937жылы ол халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, жүлделі орын алса, екі жылдан соң Москвада өткен халық музыка аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында І орынды иемденіп, «Домбыраның Жамбылы» атанады.
Дина күйлері өзінің ұлттық музыкалық бояуымен, терең психологиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Бұлардың қатарына атақты «Әсем қоңыр», «Тойбастар», «Ана аманаты», «Сегізінші март», т.б. жатады.
Москвадан оралған Д.Нұрпейісованы кеңес адамдарының еңбегін бейнелейтін тың тақырыптар мен сюжеттер қызықтыра бастады. Қажымас халық композиторының өнері қанат жайып, қатайып, оның үлкен творчестволық өмірінің жаңа дәуіріне жол ашты.
Дина Нұрпейісованың таланты нағыз гүл ашқан шағында төңкеріске дейінгі Қазақстандағы аспаптық мәдениеттің дамуындағы екі түрлі музыкалық бағытты-Құрманғазының буырқанған, үдемелі өнер мектебі мен Дәулеткерей және оның ізбасарларының жұмсақ, неғұрлым лирикалық шығармашылығын өзгеше тоғыстыруға деген құштарлық көрініс табады.
Дина қазақ халқының музыка мәдениетіндегі өткендегі және қазіргі бай материалдарын творчестволықпен игерді, осы арқылы өзінің табиғаты бөлек күйлерін, оны орындаудың өзіндік тәсілдерін жарқырата көрсетті.
Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында 80жасқа толған шағында да атақты домбырашының композиторлық қызметі бір сәтке тоқтаған жоқ. Бүкілхалықтық патриоттық өрлеуге үн қосты. «Ана аманаты» күйін өмірге әкеледі, ал соғыстың біткендігі жөніндегі хабарды «Жеңіс» күйімен қуана қарсы алады.
Аса көрнекті қазақ домбырашысы және халық композиторы Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұраларының ішіндегі ең бағалысы- әртүрлі стильдік элементтерді синтездеу жолымен қазақ домбыра өнерінде жаңа үрдістің негізін қалауы болып табылады. Оның күйлері тек әуендік-тақырыптық даму құлашының кеңдігімен ғана емес, сонымен қоса, жүректі ерекше баурауыен, шынайы сезімталдығымен ерекшеленеді.
Нұрпейісованың көмегімен Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі көптеген ғажайып күйлерді меңгерді. Ол оркестрдің орындаушылық мәдениетін домбырада ойнаудың алуан түрлі ерекше әдіс-тәсілдерімен байытты. Сол арқылы оркестрде Құрманғазының және басқа да көптеген қазақ аспаптық музыка өкілдерінің күйлері орындалып, қуатты симфониялық ансамбльдің үніне айналды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *