Той малы (дәстүр)
«Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж. Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар елдің дәстүр- салты бойынша сән -салтанатымен, жөн -жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде- жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой-беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шай да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса, қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.
Сөздік
жөн -жосық – ритуал
кәде – подарок
жора – обычай, ритуал
шамасына қарай – по возможности
қосылу – прибавить, присоединить
сою – зарезать
ауыз тию – угоститься
толымсыз – зд. худой
беті басу – критиковать, выразить недовольство
қадағалау – следить