ӘЙЕЛДЕР, АНАЛАР, АРУЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕР, ЖЫРЛАР

Қаршадай қыз

Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.
Бірімізге айта алмай сырымызды,
Түк таппаған адамдай тал санамаймыз.

Есте қалар күніміз бүгін дейміз,
Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.
Бір қоштассақ айрылып қалатындай,
Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

Иран бағым,
Қалай сонда кеудемде сиған жаным?
Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,
Ибалылық белгісі қиналғаның.

Мамықтай маужыратып жасыл желек,
Кеудеме кеп түсеңді басың кенет.
Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,
Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

Сосын түк те айтпаймыз, ақтарылып,
Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.
Маңайыңа қарайсың мұңға батып,
Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

Айдынында алаңсыз тәуір сырғып,
Қанатымды алмашы қауырсын ғып.
Өріктей өңің сынып отырғаның,
Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,
Сонда бізді табиғат тек түсінген.
Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,
Найзағай да суретке көп түсірген.

Ғашықтармен тағдырдың арбасқанын,
Аңғардың да түсіндің алғаш, жаным.
Жаңбыр емес көз жасы ол періштенің,
Сол ғой саған күйзелген ал басқа кім?

Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,
Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.
Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар,
Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,
…таңқалмас ем.

Бағдат Мүбәрак
Азат әйел
Кеше әйелдер, күңдікке жүрмеп пе едің?
Кеше қорлық, күңшілік көрмеп пе едің?
Кеше еріксіз еңіреп шалға тиіп,
Кеше көңілің қайғымен тілмеп пе едің?
Кеше ата-анаң мұз жүрек малға сатып,
Кеше теңдік таңым деп үндеп пе едің?

Кешегі күн есте ме, зарлап та едің?
Кеше әйел үстіне бармап па едің?
Кеше нәркес көзіңнен қан тамызып,
Кеше қайғы отына жанбап па едің?
Кеше сұм заманда, садақ тиген
Жүрегіңніңң жарасын жамап па едің?
Кеше шалмен жас жас өмір шекпеп пе едің?
Кеше сыңсып, жас жетпей кетпеп пе едің?
Кеше алмадай аяулы бетің солып,
Кеше ыстық жас моншақтай төкпеп пе едің?
Кеше от басы, ошақ, күл өрісің боп,
Кеше арманды у кеудеге сеппеп пе едің?

Бүгін теңдік сәулесі күлімдеген,
Бүгін әйел октябрь нұрын көрген.
Бүгін әйел жынысы бақытқа ие,
Бүгін сұлу өмірдің гүлін терген.
Бүгін күңдік кісенін қырқып-кесіп,
Бүгін Ленин таңының күнін көрген!
Әне, теңдік құстары қарығаштар,
Әне, қарлығаштар секілді қарындастар…
Тайыр Жароков

Әйел
Еркектен мықты әйелдер,
Жасауға келгенде ерлікті.
Болсын ол қай жер, қай елде,
Асыра түсер елдікті.

Қиылып тұрсын қас, қабақ,
Маңдайдан қанша тер шықты.
Қас оған басы асқақ, ақ,
Алатау адамгершілікті.

Билемес бойын бос қайғы,
Қуатын жүрек азық қып.
Қостайды,
Оны қостайды,
Үлбіреп гүлдей нәзіктік.

Кеудесі көктен әрі асып,
Тұрмайды ол бекер ісініп.
Әйелге әбден жарасар,
Кішілік пенен ксілік.

Аяулы бірін ана ғып,
Алсақ та біріне үйленіп,
Әйелден біздер қалалық
Ерлікті нағыз үйреніп.

Бар жұртқа бауыр, дос қашан,
Бетімен ауыр қалқымас.
Белін бір буса, ешқашан
Еркекке ұсап толқамыс.

Көрген жоқ одан құт қашып,
Қаласың көрсең, бір жасап.
Әлемнің берік тұтқасы,
Әйелді болар жырласақ.

Сіз де, апай, мәртсіз, ірісіз,
Сол жақсы жандар көзісіз.
Ол екеу болса, бірісіз,
Ол біреу болса, өзісіз…
Cабырхан Асанов

Ана батасы
Дүбірлетіп дауылдай,
Долы майдан даласын,
Азат етті бауырлар
Бір беларусь қаласын.

Жетті аман жас қазақ
Өз үйіне жеткендей.
Жаңарында жас ғажап,
Жаны балқып кеткендей.

-Ұлым,-деді бір кемпір,
Керіп ашып құшағын,-
Кел,бетіңді бір келтір,
Құшырлана құшайын…

Өз баласын көргендей :
-Неге,-дейді,-кешіктің?
Өмір қалды жөргемдей,
Өтті бастан нешік күн!

Ақ шашым да жұлынды,
Тұсасын жауды әр талы.
Қабырғам да сылынды,
Жер қойныңа тартады.

Жоқ,жазылам дертімнен,
Өзің бердің бір емін.
Өз шешендей бертінде
Тілекшің боп жүремін.

Жолың болсын әрқайда,
Ақ батам бұл-ала бар
Сені күтіп сарғайған
Алда талай ана бар…
«Құп!» деп құшып жас қазақ
Қош айтысып жөнелді.

Тарт Берлинге, бас, қазақ,
Жар болсын тек жол енді.

                                                                                                                     Ж.Молдағалиев




            Әйел - сенің ақылшың

Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,
Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.
Жат біреуге бақыт болып туатын,
Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.

Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,
Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?
«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,
Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.

Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.

Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің,
Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.
Өз елінің ұлы болам деген жұрт,
Әйелдерге құл болуды үйренсін.

Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы,
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай құлып көтермейді жоғары.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.

                                                                                         Тұманбай Молдағалиев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *