МЕРЕКЕЛІК СЦЕНАРИЙ (8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған кештің сценарийі)

ӘЙЕЛ – ТІРШІЛІКТІҢ ГҮЛІ

Асылбек Еңсеповтың «Детство» күйі қосылып тұрады. Сахнаның сыртынан Мұқағали Мақатаевтың «Ана» атты өлеңі оқылады.

Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың,
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

Тәңірім кеше көрсін кесірімді,
Аспанға жазсам сенің есіміңді!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді.

Пролог
«Қауырсын» поэзия клубының 4 студенті арнаулар оқиды.

І жүргізуші: — Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл — бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!

ІІ жүргізуші: — Қош келдіңіздер, бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым біздердің жанымызда жүре беріңіздер.
Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, — дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді ____ береміз.

І жүргізуші:
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып ________________

ІІ жүргізуші:
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
Алдарыңызға әнші шәкірттеріңіздің орындауындағы әнді қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар.

І жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй,-деген Абай бабамыз. Дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болған дәстүрлі ән тыңдаңыздар.

ІІ жүргізуші:
Күйге толы дүние-ай, дүбірлеген,
«Қайран шешем», «Кішкентай» күнім деген.
«Көбік шашқан», «Сары өзен» жағасында,
«Ерке сылқым», «Айжан қыз» күлімдеген.
Қазақтың күйлері көп «Көңілашар»,
«Сарыжайлау» «Сарыарқаға» кеп ұласар.
Күй қылып күллі әлемді құшаққа алған,
Қазақтың болмаған ғой тегі нашар!
Алдарыңызда _ домбырашылар ансамблі. Қарсы алыңыздар!

І жүргізуші:
Кеше де, бүгін, ертең де,
Ғаламның ғажап төрі едім.
Алысқан жауға дерт емген
Қазылып тұрған көрі едім.
Құшағың жайсаң, кел, бері,
Достықтың мәңгі кені едім.
Дархан пейілді жердегі,
Мен қазақ деген ел едім!
__ әскер патриоттық клубы мүшелері көрініс көрсетеді.

ІІ жүргізуші:
Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы.
Құрметті ұстаздар, аналар, студенттер, сіздерге арналған _ әнді қабыл алыңыздар!

І жүргізуші:

Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
деп ақын ағаларымыз жырлағандай келесі кезекті_ береміз.

ІІ жүргізуші:

Десек те уақытпен жарыспайды,
Қиялға қиялменен қарыштайды.
Әншілер шын жүректен тебіреніп,
Өнерін аналарға бағыштайды,-дей отырып __ән ұсынамыз.

І жүргізуші:

Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

ІІ жүргізуші:

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.
Құрметі де аяулы аналар, ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар, сіздерге арналған «Әйел – тіршіліктің гүлі» атты мерекелік концертіміз өз мәресіне жетті! Сіздерге зор денсаулық, қуаныш пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке, ашық аспан, шуақты күндер тілейміз! Сау болыңыздар!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *