Домбыраның шығу тарихына қысқаша шолу
Қазақтың түбі терең тылсым тарихы, тұрмыс тіршілігі, ақжарқын көңілі, зіл басқан мұны, буырқанған ашу — ызасы, күйініші мен сүйініші, қуанышы мен сүйініші, сілемді сырлары, шалқар шабыты, қайсар қаныр – қайраты бәрі-бәрі домбыра пернесінде хаттаулы.
Домбыра — қазақ халқының жан сезімі, жан серігі.
Домбыра — көшпелі елдің көне көз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Тарихтың хатқа түспеген талай беттерін паш етіп, халқымыздың тарихнамасына ай¬налды.
Қазіргі кездері археологиялық олжалар домбырашылық дәстүрдің тамыры тым әріде жатқанын пайымдайды. Бұған Хорезмде жүргізілгген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қос ішекті аспапта ойнап тұрған музыканттардың күйдірілген саздан жа-салған бейнелер куә. Ғалымдар осыдан кемінде II мың жыл бұрынғы бұл бейнелердегі қос ішекті аспаптың қазақ домбырасымен ұқсастығын айта келіп, оның Қазақстан жеріндегі байырғы көшпелілер арасында ең кең тараған аспаптың бірі болғандығын дәлелдейді.
Домбыра дәстүрінің көнелілігіне күні бүгінге дейін сақталып келген аңыз-күйлер айғақ бола алады. Түп тамыры терең архаикалық салт-санамен үштасқан бұл күйлерде бағзы замандағы мифологиялық наным-сенімдердің сілемдері сақталған [1;56].
Халқымыздың көшпелі тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігіне байланысты өнеріміз ғасырлар бойы тек қана жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуірде мәдениетімізде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік туғызды. Аты аңызға айналған Кетбұғы, Асан Қайғы , Қарт Ноғай сияқты оның ең таңдаулы өкілдерінің есімдері біздің заманымызға да жетті. Олардың күйлері халқымыздың басынан өткерген қиын өткел, қилы кезеңдерін бейнелеп, халық тарихы туралы сыр шертеді.
Домбыра дәстүрінің дамуы XIX ғасырда өзінің шарықтау шыңына жетті. Мәдениетіміздің дәстүрінде көптеген профессионал күйші-композиторлар қалыптасып, күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлінді. Бұл куйші-композиторлар өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерімізде жарқын із қалдырды.
Домбыра өнерінде батысқазақстандық төкпе және шығысқазақстандық шертпе тәрізді екі аспаптық дәс¬түр қалыптасты. Бұл екі дәстүр бір-бірінен композициялық құрылысы, ойнау техникасы, музыкалық тілі жағынан айрықшаланып дараланады.
Батыс Қазақстан күйлері негізінен шиеленіскен тартысты оқиғаларға құрылады. Терең философиялық толғанысқа толы бұл күйлерде куатты әрі толық қанды образдар жасалады. Төкпе күйлердің шертпе күйлерден айырмашылығы — оның бас буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға болып келетін нақтыланған формасы бар. Және бұл дәстүрдегі тағы бір ерекшелік — оң қол қағысында. Қағыстар оң колдың сермей соғуымен орындалып, қара қағыс, ілме қағыс, бөгеме қағыс сияқты сан түрге бөлінелі.
Шығысқазақстандық шертпе дәстүрінің ерекшеліктеріне күйлердің ән тектес әуенді, сазды және жұмсақ нәзік үнді болып келуін, саусақ басымен шертіп тарту әдістерін жатқызуға болады. Олардың мазмұнына психологиялық суреттемелер, терең толғаныстар, әйелдердің нәзік бейнелері тән.
Домбыра өнері бұл күнде де өз жалғасын тауып,дамып, өркендеп отыр. Өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің жаңғыруына байланысты орындаушылық, дәстүр мен оның функциялары да қазіргі уақытта өзгеріске ұшырады. Алайда, домбыра күйлері бұдан жүздеген жыл бұрынғыдай халықтың рухани серігі болып, оның көңіл күйін, жас ұрпақтың болашағына деген толғанысын, арманы мен бақытына деген сенімін сақтап келеді.
Өнер — адамзат баласыньң бүгіні мен болашағы, сонау есте жоқ ескі күндерінің арасын үзіліссіз байланыстыратын күн мен түннің арақатынасы сияқты мәңгі ажырамас егізі. Кемеңгер Абайдьң сөзін сабақтасақ, «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең…» деген өмірлік фәлсафаның тіні тарқамақ. Өткен күндерден жеткен інжу-маржандар көне тарихтан осылайша тағлым береді. Сырдың күрең топырағындағы өміршең өнердің бірі — күй. Күй шежіресі қадым замандардың қойнауынан бастау алады. Ғасырлардан дәстурлі сабақтастығын тапқан күйшілік өнер Сыр бойында тамырын тереңге тартты. Әсіресе XIX ғасыр мен XX ғасырдың орта тұсында айрықша дамып, күлтелене түсті. Дәстүр барынша кемелденіп, өмірге көптеген күйші-сазгерлер легі келді. Өнерлі өлкеде ғұмыр кешкен Сырдың дуалы ауыз азулы ақын-жыраулары рухани мұралардың кемел түрлерін сомдады. Айтқаны мірдің оғындай мүлт кетпейтін жезтаңдай шешендер өтті бұл өңірден. Әншілер мен сал-серілер сайын дала төсін думанға бөледі. Қарт қобыз бен қарағай домбыраның бауырынан күй сауған балды бармақтар өтті. Сыр өнері сан рет түледі. Тек аттарын атай бастағанның өзінде Сыр күйшілері есімінен көз сүрінер еді. Қорқыт баба, Сасықбай бақсы, Дайрабай қобызшы, Жақайым Жарықбас бақсы, Әлім Әйтім күйші, Құрманай Төремұрат, Домақ Тәппет, Қоңырат Әлшекей, Жақайым Аймағамбет, Кенжегұл, Теңізбай, Айсүгір, Төренияз, Нышан Әз, Шал Мырза, Қазанғап. Алпысыншы жылдарға дейін өмір сүрген Жалғасбай Аралбаев, Байтақтың Төлебі, Керейұлы Ақжол, Әлібек Бәйкенов, Дәулетбай Елтаев, Құлмырзаның Молдағалиы, Шөмекей Көшкінбайдың Әбілдасы, Сәйке отемістің Бисенәлісі, Жанғылыш Әбдіғали, әкелі-балалы Науан мен Мергенбай, Төртқара Жұмалы, Нүрпейісов Қали, Мусинов Жексенбай, Мәлік Жаппасбаев, Әбдіқалык Дуйсебаев, Қазалылық күйші Мінсізбай, Қарашалаңдық Меңдібаев Ерекен, Ақбастылық Мырзажан Сахиұлы. Бұлардың соңы Қаппар Жармағамбетов, Ізбасар Ілиясов, Бақыт Басығараев, Жұмабай Жақыпов, Нұрмағамбет Әлиев, Шәкі Оспанов, Тілеуберген Төребеков, Қараман Ізмаханов сынды күй өкілдеріне ұласты [2;71].
Сыр күйі — өзінен бұрынғы кемел дәстүрлердің ең озық үлгілерін бойына сіңіріп барып дүниеге келген бұла өнер. Әйткенмен, өлкенің күйшілері есімдерінің туған топырағындағы елеусіз, ескерусіз жайы қынжылтады. Төңірегінде теңдесі жоқ бұл күй-қазына тарихы әлі күнге жабулы қазан қалпында. Сондықтан, әңгіме желісі Сыр топырағындағы дәстүрлі күй өнері және күйшілер жөнінде өрбімек. Сыр бойының әндері мен күйлеріне лайықты бағасын беру мерзімі әлдеқашан жетті. Біліп-тану, әлде де жинастыра түсу, насихаттау жұмысы ол өз алдына. Бұл тарапта әдебиет пен музыкатанушы сунғыла мамандарымыздьң алдында тұрған міндеттердің жүгі ауыр.
Архивтік күйлердің дені «Жалдыбайдың күйі» деген бүркеншік атпен жатыр. Сынай қараған адамға Сырдың бойында Жалдыбайдан басқа адамда күй, одан басқа күйші болмағандай әсер қалдырады… Рас, күйшінің «Ескі балбырауын», «Жеңіс», «Камаринская», «Қара жорға» атты белгілі шығармаларына ешкімнің де таласы жок. Бірақ «Асанқайғы», «Мамық Ақжелең», «Бұғының күйі», «Баулы ешкі», «Қос қыз», «Тәнтән қыз», «Сыр жаңылтпаш», т.б. сияқты күйлердің Жалдыбайға еріксіз телінуі бізді қайран қалдырғанын жасыра алмаймыз. Тіптен архив атаулының астан-кестені шыққанын мына жайыттан да анық аңғаруға болады. Ілкі заманнан бері халық күйі болып келе жатқан өте ескі күйлердің бірі «Нар идірген» Нәби Жәлімбетовтың жеткізуінде «Жалдыбайдың күйі» болып шыға келуін ешқандай да заңдылыққа сыйғыза алмадық.
Осы жерден сәл шегініс жасалық. Шындық атаулыға қылбұрау салып шыңғыртқан, жариялылықтың көмейіне қорғасын құйылған алмағайып, өліара кезеңді бір сәтке көктей шолып көріңіз. Өкіметтің сызып берген шеңбері бар: «ескі әнді айтпа, көне күйді тартпа». Шеңбер аттасаң, жазаң белгілі. Осындай кезде аталмыш орындаушылар үшін алыстан күй іздеп барған фольклор жинаушы-ларына не айтпақ керек? Еш нәрсе айтпауға фольклор жинаушы да өкіметтің тапсырмасымен келіп тұрған адам. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кері. Өкіметтің қырағы назарына ілініп, репрессияға ұшырау каупі төнген, сол себепті елден еріксіз ірге көтеруге мәжбүр болған Мырза сияқты тұлғалар хақында бірдеңе деу — қатерлі қадам.
Бұл жерде бір нәрсенің басы ашық. Мәселе біреудің күйін екінші бір адамның басына үйіп-төгіп бере салу немесе қиянат жасау емес. Мақсат — бүкіл бір әулеттің, ұлт мәдениетінің басына үйірілген қатерлі мұнардан құтылу. Қулықтың қандай бір жолы болмасын көндігу. Тек «Күй» деп аталатын киелі құбылысты өліара кезеңнен аман алып шығу жолын қарастыру. Біз қазақ өнерпаздарының ғасырдың басындағы бар мақсат-мүддесі тек осындай мәселелерге жұмылдырылған деп түсінуіміз шарт. Аласапыран уақыттарда ән-күй сияқты биік рухани күштердің сырт көзден аман сақталуы ниетінде ортақ қазанда қайнауы заңды. Саралау, талдау, иесін анықтау — бейбіт күндердің үлесінде, ЯҒНИ, бүгін, ертең, болашақта…
Аталмыш күйлер жоғарыда аты аталған күйшілердің орындауын-да Мырзаның күйі деп жазылған үнтаспалар да жеткілікті. Мұндай таспалар — көбіне-көп орындаушылардың өмірлерінің соңында, ағайын-туыстарына ескерткішке жаздырған жәдігерлер. Ал өкімет тарапынан экспедиция жасап фольклор жинаушы келе қалса, жазып берері — дәл сол күй. Бірақ авторы басқа, ЯҒНИ, «Жалдыбай¬дың күйі». Сол себепті ел арасынан жиналған материалдар архивтік материалдармен сәйкес келе бермейді. Біз еңбекті жазу барысында көбіне-көп елдегі көзі тірі білетіндердің сөзінің куәлігіне иек арттық. Ал архивтік материалдардың құны кеңес өкіметі тұсында қатталғаны себепті салмақсыз көрінді. Өйткені жүйенің аты — жүйе. Бұл жайтты атақты күйші-дерек берушілеріміздің сол кездегі іс-әрекеттерінің өзі дәлелдейді.