Аяғын жылыту үшін аттан түсіп, жиренді жетелеп домалана аяңдап біраз жаяулады, үйіріле соққан жел мұны бірнеше рет құлатып кете жаздады. Бөлімше орталығы ендігі қарасын көрсетіп қалса керек еді. «Бұл қалай, ыққа қарай ойыстап, өзге жаққа кетпедім бе, боранның ырқысына көне берсем, үситін болармын …» Қасымды осындай суық ойлар қамап алды. Ол тепкілеп – тепкілеп, шелек аузындай жердің қарын ойды да, жата қалып құлағын төседі. Осылай еткенде, елді мекеннің дабырасы, иттің үргені, жылқының кісінегені белгі береді дейтін үлкендер. Бір дүңкіл сезілді, күңгірт дүңкіл. Басқадай дыбыс жоқ. Әлгі дүңкіл оң иықтан келеді.
Сірә, ауыл оң жақта қалса керек. Бала сүріне – қабына бағытты оңға қарата ұстанды…
Тебініп қалып, желе жөнелді, жирен басын төмен салып, ызғырық боранды сүзе, қайта – қайта пысқыра берді. Бір мезет ол кілт басын көтеріп, құлағын қайшылады.
Демек, қара көрді. Мал ма, адам ба? Жирен оқыс тоқтай қалды. Енді байқады: ат тұмсығын қар астында қалған бір мая пішенге тірепті. Бала жерге түсті. Ақ түтек боран кезінде жатқан адамға айнала анығырақ көрінеді дейді. Ол жата қалып, жан – жаққа көз тікті. Маңайдан қадау – қадау маялар боран арасынан қылаң беріп қалады. Енді көңілі орныға бастады. Бұл тұс бөлімше орталығының сол қанатындағы қамысты қопа, ойпат екені, осы арадан күзде бөлімше адамдарының пішен шауып, мая үйгені есіне түсті. Бұл жерден ауыл алыс емес, күн ашықта үйлерінің шатырлары көрініп тұрады. Алдан соққан боранды елемей, Қасым жиренге қамшы басты, жер таныған дөнен де мойнын созып, басын қырын ұстап, бүлкек қақты.