Ұят

этикалық құндылық. Ұ. адамды қашан да жамандықтардан, әдепсіз қылытардан тиып, сыпайылыққа кісілікке, имандылыққа жетелейтін білім мазмұны, моральдық норма.Ұ.— адамдардың қарым–қатынас мәдениетіндегі ненің жақсы, ненің жаман екендігін түсіну және ажырата білу. Ұ.– адамның өзінің әлеуметтегі іс–әрекеті үшін жауапкершілік сезімін танытады. Ұ.– адамгершіліктің  бір жемісі, сонымен қатар ар–намыстың қосшысы. Ұ–сыз іс–қылық намысыңды келтіреді, арыңа тиеді. Ұ. жоқ жерде береке–бірлік жоқ, әдеп–инабаттылық жоқ. Ұ–тың бір көрінісі – ұялу – адамның өзінің не жақын адамдарының оқыс істері мен жағымсыз қылықтарына байланысты көңіл–күйін білдіруі. Ар–ұятқа қатысты түсініктер – мадақтау, көтермелеу, табалау, күйініш пен сүйініш. Адам бойындағы адамгершілікке тән мұндай қасиет–ерекшеліктер оның әр қилы іс–әрекеттері мен өзге адамдармен қарым–қатынасынан айқын көрініп тұрады.

 Ұ. моральдық нормаларға сай адамның іс–әрекеттерін бір жағынан шектеп, екінші жағынан белгілі істерге жетелейтін адамға ғана тән моральдық сапаның бірі. Адамның бойындағы адамгершілік, имандылық, инабаттылық, ізеттілік, кісілік, кішіпейілділік, қайырымдылық және т.б. ұяттан деп саналады. Қазақта «Құдайдан ұялмағаннан ұял, құдайдан қорықпағаннан қорық» – дейтін нақыл сөз бар. Мұхаммед пайғамбар: «Ұ. – иманнан» – дейді. «Кімнің Ұ–ы жоқ болса, соның иманы жоқ» (Абай), «Кімде–кім адамдардан ұялмаса, ол Алла тағладан да ұялмайды» (Мың бір хадис), «Адамдар алдында ұялу – жақсы сезім, бірақ бәрінен жақсысы – өзіңнен–өзің ұялу» (Л.Н.Толстой), «Қызара білу, ұяла білу – адам бойындағы ең тамаша адамгершілік қасиет» (Ч.Дарвин), «Ұ. кейде заңдар шектемеген нәрсені шектейді» (Сенека), «Жақсының жаты болмас, жаманның ұ–ты болмас», «Ұ–ты бар бет әдемі» (мақалдар), «Ұ. – адамның барлық құштарлықтарының ішіндегі ең тамашасы, махабаттың анасы» (М.Сервантэс). Ф.Ницше Ұ–ты жанның қасиеті деп санайды және «жан» құпия, құпия болған жердің бәрінде Ұ. болады деп есептейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *