тілді білуден, оны пайдалану шеберлігінен, сондай–ақ дұрыс түсініктен, таңдаулы талғамнан, нақты тоқтамнан, тәнті талпыныстан, құралатын дәстүр. «Қазақтың әулиелігі – тілінде» (Мәһүр–Жүсіп). Санасы айқын халықтың тілі көркем, танымы зор, көкірек көзі көреген. Тілдің құдіретін арттыратын да, көркейтетін де – зерделілік пен көркем шығармашылық. «Өнер алды – қызыл тіл, тіл шұрайы – өлең сөз» деп бекер айтылмаған. Халқымыз тілді көненің көзі, алтынның сынығы деп ұққан. Байыбына барсақ, «тіл – ойдың көрсеткіші, таным құралы» (әл–Фараби), «тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар» (Ж. Баласағұни), «тіл – халық сыры, халық тәубасы» (П. Вяземский), сондай–ақ тілдің өз өмірі де бар. Бұл қасиеттер толықпай және қабаттаспай тіл мәдениеті күш алмайды. Тілді еркін білу, ана тілінде таза, сауатты, ойды ширата сөйлей алу, ана тілі қуатын дұрыс қолдана білу – мәдениеттілік. Т. м–ті дегеніміз – адамның таза, әдепті, тіліп айтуы, шешен, білгір сөйлей білуі; азаматтың тіл болмысына ұлттық қасиет пен сипат енгізуі; патриоттың ана тілдің ұлттық байлығын түгел қамтуы әрі оны ретімен қолдануы; елінің бүгіні мен болашағына жанашырлардың өз тілінде, ана тілінде еркінде тұтас сөйлеуіне және өзара ашық–жарқын түсінісуіне араласуы, өзара сыйластықты адами өлшемге айналдыру; туған жердегі ортаны нәзік сезіну, ел өмірін өзіндік өлшеммен терең ойлау, осы бағыттағы діттеген мүддесі мен сенімін еркін жеткізу; ержүрек тұлға ретінде қоғамның, ұлттың өзекті де өткір мәселелерін нақты қажеттілік тұрғысынан сабақтау әрі саптай алуы, еркін де есеппен жеткізуі, мұра мен даналықты жазбаша хаттай алуы, іріктеулі ой–тоқтамды ұрпаққа жеткізуі, кейінгі талаптыларға жинақы күйде қалдыруы; тіл мен өмірдің құнарлы байлығы мен үздік үлгілерін шеберлікпен, шешендік өнермен әспеттеу, әлдендіру және әрекет көзіне айналдыру.
Жүсіп Баласағұни кезінде тіл өнерінің қасиет–сипаты мен пайда, зиянын көрсетіп кетті. Сол талаптарға тоқталсақ:
«Басқа пәле – тілден». Желбуаз сөздің бәлесі көп, ол көп алдында өзіңді ұятқа қалдырады, масқаралайды. «Біліксіздің тілін тиған жөн болар, біліктінің сөзін жиған жөн болар», «Тілсіз кісі екі–ақ түрлі, білерсіз. Бірі – сақау, бірі – надан, жігерсіз» (Ж. Баласағұни).Тілмен дертіңді емде, надандықты тый, білімсіздікті жой. Тіл – ойлаудың «қабыршағы», ой жүгіртудің тәсілі. «Ақыл, білім тілмәші – тіл, тіл – кепіл, Жадыратар ерді шырын тіл деп біл!». «Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің», «Тіліңді бақ, басың аман болады. Сөзіңді қысқа айт, жасың ұзақ болады». Тілмар – көреген емші, тәжірибелі елші. Солай болуға тиісті. Ол үшін білімді адам, шынайы тәрбие алуы, сөзге шешен, өткір тілді, ойлы, айла–амалға жетік болуы керек. Осындайлар жұрт алдында құрметке бөленеді. ХII ғасырда түйінделінген түйіндер.
ХVІІ ғ. ағылшын философы Дж. Локк тілдің басты үш мақсатына тоқталады: «Біріншіден, бір адамның ойларын немесе идеяларын басқаларға хабарлау. Екіншіден, бұл мақсатқа барынша оңай және тезірек жету. Үшіншіден, заттар туралы білімдерді жеткізу. Егерде осы үш мақсаттардың біреуі орындалмай қалса, онда сөйлеуді теріс пайдаланады немесе оның олқылықтары бар».
Тіл мәйегі – сөздікте, сөздің ұғымдылығында, сөз өнері мен сөйлеу әдебінде. Сөз өнерінің мақсаты түсіндіру, яғни түсіндірудің түрлері – келісім, уәжді саралау, тоқтам–түйінді топтастыру, шешімді болжау арқылы шындыққа жақындау, шындыққа қызмет ету. Тілсүйер үшін тіл – түсінік, тіл – сөз, сөз – ұғым, ұғым – ой, бәрі – тілдесу мен тіл табысу сатыларын құрайтын шешендік құралы. Тілдесудің қуаты – сенімділікті орнықтыруда. Сенімділік суаты – дәлелге тиым салмау, қисынды ойды қолдау. Бұл талаптың мақсаты – ой мен қолдағыны оңдау, жалтақтыққа ұрынбай, шалалықта солмау. Шешендік – өмірді нәрлейтін, адам болмысын әрлейтін, адам кәсібін қырлайтын сөз өнері, ой көзі, шабыт тезі, әуез қисыны, дыбыс үндестігі. Шешендіктегі талпыныс – Т м–нің көрінісі мен табан тірерін – тілдік үйлесімді, тіл нормасын сақтауды, тілдік теңеуді лайықтауға бағышталған.
Шешендікті, бірде тура сөз, қаратпа сөз, дана сөз, төре сөз, көсем сөз деп даралап та, бірде, кеңес сөз, билік сөз, салтанатты сөз деп таратып немесе жалпы бабалар сөзі деп түйіндеп жатады. Онда сөз астары мен ұғымның мән–мағынасы таратылады, тіл мен сөйлеудің арқауы ашылады. Бағдары жағынан ол санасыз, кездейсоқ жайға арнайы мән бермейді. Тілде ой әрқалай өрбиді. Өйткені шешендікте айтылмаған ой, өтімді сөз, қабылданған шешім, әрекет бастауы әрқалай жалғасын табады. Сонымен Т. м. – сөз қызметін, сөз бен тіл байлынысының байыбын, мәтіннің мазмұнын ашуды және оларды мақсатқа орай рет–ретімен қолдану қабілеті мен өнерді қамтиды. Шешеннің Т. м–н жоғары бағалаймыз. Егер адам айтпақ сөзін өңдей алса, сөздік қатынастың сапасы нақты, айқын, тура болса, сөзін ойды жеткізетін тіл белгілері және оның ұғымдық жүйесі ретінде қарастырса, егер адамның сөйлеу әрекеттері еркін, әрі кең болса, мәтіннің мазмұндық астарын ашып, сол талапқа үн қоса алса, егер тіл нормаларын қатаң сақтаса, онда дұрыс сөз қажетке бейімделгіш және көпбейнелі келеді, сөйлеуші сөздің ұғымдылығын және тіл жүйесін байытады.
Т. м–тін сақтаудың тағы бір тәсілі – сөз қорын молайту. Сөз қоры дегенде бай тілді әдеби және суреткерлік шығармада қолдануды, суреткер қолымен енгізілген тіл сұлулығын ажарлауды, әр сөздің мағынасын толықтыратын дауыс ырғағын айтамыз. Т. м – тілдік қатынастың сапасы. Тіл тазалығы – екеуінің де өлшемі.