Ауылдағы көршілес екі үйдің бірінің қара күшігі, бірінің ала мысығы болды. Бір күні қара күшік көршінің бағынан кіріп, сонда жүрген ала мысықты тұра қуды. Мысық қашып барып, алма ағашқа шығып кетті.
Күшік ағаш түбіне келіп:
- Әу – әу – әу, әу – әу – әу! – деп, мысыққа қарап шабаланып тұрып алды.
Мысық та оған құйрығын қыбырлатып, белін күжірейтіп, ырылдап айбат шекті.
Сол сәтте жұдырықтай бір қызыл алма сабағынан үзіліп, күшіктің басына келіп топ ете түсті. Күшік қаңқ ете қалды да, «мысық ұрды екен» деп қаша жөнелді. Ол енді өз ауласына барып, тағы да мысық жаққа қарап шәуілдеп тұрған. Сол кезде мысық ағаштан жерге қарғып түсіп еді, ол «және ұрады екен» деп ойлап, күшік жүгіріп барып үйшігіне кіріп кетті.
Содан бастап қара күшік ала мысықты қумайтын болды.