Құстардың ішіндегі адамға ең жақыны қарлығаштар. Олардың қала қарлығаштары, ауыл қарлығаштары деп бірнеше түрге бөледі. Бір – бірінен сыртқы түрлеріне қарап қана айырма жасайды. Ал тіршілік әрекеттері өте ұқсас.
Қарлығаштар жерде аз қонақтайды. Ұя салуға қажетті заттарды жинаған кезде ғана жерде жүруге тура келеді. Олар жемін ұшып жүріп аулайды, тіпті суды да су бетімен қалқып ұшып жүріп ішеді. Олардың негізгі қоректері: бунақденелілер (қоңыз, кене, көбелек, инелік, өрмекші т.б.) Қарлыған жыл құсы, көктемде сәуірдің бас кезінде келеді. Олардың келуі бір жетіге созылады. Олар ескі ұяны пайдаланбай жаңадан салады. Ұя салуға балшық, шөп қиқымдарын, жылқының қылын т.б. пайдаланып, сілекейімен жапсырып бекітеді. Қарлығаштар ұяларын үйдің шатырына, мал қораның төбесіне, құлаған құрылыстар мен зираттың басына т.б. жерлерге салады. Оған жүн, қауырсын, мамықтардын жұмсақ төсеніш төсейді. Ұяны 6 – 7 күн ішінде бітіріп, оған 3-тен 8-ге дейін жұмыртқа салады. Екі – үш жетіде балапан басып шығарады. Қанаттанған балапандары бастапқы кезде енесімен бірге ұшады. Олар тамақ табуға , ұшуға өздігінен күн көруге үйренеді. Жаға қарлығаштары топтасып ұшып, жағалау, жар қабаттардағы індерге ұя салады. Қарлығаштардың қайсысы болса да пайдалы құс.Оның ұясын бұзбаңдар.