Халқымыздың салтында өмірге жаңа келген нәрестені бесікке салу да бір кішігірім шашу іспетті ойын – күлкімен өткізіледі. Ауыл – үйдің көңілі жақын әйелдерінің бірі нәрестені бесікке салады. Бесіктің төсек – орны жайлы етіп төселгеннен кейін сәбидің жастығының астына иіс су, иіс сабын, жарық май, айна, тарақ, т.с.с. заттар салынады. Содан соң нәрестені шомылдырып, құрғатып сүртеді де «біссіміллә» деп бесікке бөлейді. Тербете отырып, бесік жыры шырқалады.
…. Әлди, әлди бөпешім,
Құлыншағым, құлыным,
Жібек торғын жөргігің,
Әлдилеген ермегім.
Күте алмасам мәпелеп,
Онда болар менде мін.
Әлди, әлди, әлди-ай
Жұбатайын тербетіп,
Азамат боп ер жетіпп, — деген мазмұнда келеді.
Бесіктің тұтқасына түрлі – түсті сылдырмақ, қоңыраулы ойыншықтар, ескі күміс теңгелер, моншақ т.б. қадалады. Мұндағы мақсат — «нәрестенің сөзі түсіп әлгілерді ұстауға қол созып талпынсын, ойнасын» дегені. Сонымен қатар, «сұқ көзден де сақтандырады» деген ырыммен де әшекейлер ілінеді.
Ырым демекші, бесікке байланысты халқымыздың ырым – тыйымдары да бар. Мысалы, «бос бесікті жапқысыз ашық қалдырмайды», «бесікті аяқпен тербетпейді», «бесікті қажетсіз жағдайда бұзып тарқатуға болмайды».