қазақ халқының түсінігінде ең жоғарғы адами қасиеттердің бірі. Н. өз бойына сан қырлы биік мағыналар мен асыл құндылықтарды жинаған, қазақ өмірімен біте қайнасқан, ғасырдан–ғасырға жалғасып келе жатқан ұғым, қазақ табиғатының ажырамас бөлшегі. Н. әрбір адамның өзінің еркіндігі мен тәуелсіздігін, рухы мен жанын, ар–ұяты мен сенімін, саналы тіршілік етуші ретіндегі “Менін” аса жоғары, асқақ, өр дәрежеде қадір тұту, қастерлеу сезімін ақыл–оймен ұштастырып, сана деңгейінде игере білуі. Н–тың қарапайым түсінігі тек сезіммен байланысты қарастырылады. Жалған намыс осы сезім деңгейінен көтеріле алмайтын, ақылдың бақылауынан шығып кететін, соның нәтижесінде адамды адастыруы мүмкін Н.. Ақиқат Н. жалған Н–тан жоғары, ол ақылмен үндеседі, оған бағынады. Мұның жақсы мысалдарын қазақ халқының қаһармандық және лиро–эпостарынан табуғаболады. Эпостарда Н. батырдың қарапайым ішкі “Менінің” көрінісі ғана емес. Қазақ батыры әдетте өр мінезді, қызба, көзсіз ер, оның Н–ы рухани–психологиялық күш ретінде, бейсаналық деңгейде сыртқа шығады. Қазақ батыры Н–ты ақыл деңгейінде де түсіне білді, жеке Н–ты ұлттық Н–пен толықтырды. Батырлар жырындағы қарапайым жеке Н. одан күрделі рулық, жүздік және ұлттық Н. дәрежесіне дейін бірте–бірте дамиды. Батыр үшін ұлт, халқы Н–ы оның өзінің жеке Н–ынан, тіпті өмірінен де қымбат. Қамбар, Алпамыс, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай батырлар ұлт Н–ы жолында өлімге бас тіккен.
Қаһармандық жырларды мол суреттелген жеке және ұлттық Н–тың ұлттық рухани–құндылықтық феномен екендігін қазіргі заманда ерекше есте сақтау қажет. Н–ты жалған рулық өрлік, жалған жүздік мақтанышпен шатастырмай, тәрбиелілік, білімділік, даналық, ұстамдылықпен ұштастыра отырып, ұлт, мемлекет деңгейіне көтеруге әбден болады. Қазіргі қазақ ұлтына жетпей отырған қасиеттердің бірі — осы Н. Ұлттық Н–сыздықтың тамырына үңілсек, оның түп–төркіні күні кешеге дейін үш ғасыр бойы жүйелі түрде жүргізілген отарлық саясат деуге болады. Соның нәтижесінде қазақ халқының ұлттық Н. туралы түсінігі біршама төмендеді. Ұлттық Н–тың серпілісін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары айқын көрсетті. Н. — ұлт пен мемлекет тәуелсіздігінің маңызды компоненті, қазақ ұлты үшін өмірмәндік мәселе. Ұлттық Н–сыз ел болып, жеке Н–сыз адам болып өмір сүрудің мәні жоқ.
Н–қойлық – бұл әр адамның ар–ожданын, имандылық қасиетін көздің қарашығындай сақтай білу мен көрінетін қасиет. Н. ұғымы жеке адаммен қатар ұлт, этнос мақтанышына қатысты айтылады. Қай халық болмасын өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан Н–қа баулып, отанына, кір жуып, кіндік кескен жеріне кір келтірмеуін қатты ескерткен, «арым – жанымның садағасы» деп ар–намысты бәрінен де жоғары бағалаған. Қазақ халқының әргі–бергі тарихынан бұған мысалды көптеп табуға болады. Мәселен, 1986 жылы 17–18 желтоқсанда қазақ жастары, Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан, не болмаса қазақстандық болсын деп заңды талап қойып, ұлттық Н–ты қорғады. Осынау әділетті талап–тілек аяққа тапталып, арты қанды қырғынға ұласып, қаншама адам қаза болды. Қазақ қыздарына қол тигізіп жатқан қарулы милиция қызметкерлерінің дөрекілік ісіне шыдай алмаған жас өрен Қайрат Рысқұлбеков нағыз азаматтық, жігіттік Н–пен осындай әділетсіздікке қарсы тұрып араласып аяусыз жазаланды. Ол өлімге кесілсе де оған қасқая қарап тұрып, тергеушілер алдында басын имеді. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде кісілікке жетелейтін рухани күштердің арасында Н. ерекше рөл атқарады. Н. адамдық Менді қайрай түседі; “ерді – намыс, қоянды – қамыс өлтіреді” дейді халық. Н. адамгершілік қасиеттің ең бағалы көріністерінің бірі. Әрине, Н–тың түрлері көп. Ол отандық Н., ұлттық Н., діни Н., жершілдік Н., рулық Н., жыныстық Н., отбасылық Н., мамандық Н. болып бөлініп кете береді. Н. бар жерде жігер қайсарлықбар, мақсатқа жету үшін қиындықтарды жеңе алатын табандылық бар. Н–ы жоқ ар–ұяттан, тіпті адамдық бейнеден айырылады. Н. азаматтықтың басты бір көрінісі.
Тарихтан әр түрлі себептермен қазақ халқының боданға айналғанын, халық арасында құлдық психологиясы, жасықтық, үрей, қорқыныш сияқты сезімдердің де тарағанын бекерге шығара алмаймыз. Қазіргі заманға байланысты Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ». Қазақтың дәстүрлі әдет құқығы немесе әдеп жүйесі туралы сөз болғанда жалпыадамзаттық нормалармен қатар діни ықпал арқылы енген, алайда ұлттық дәстүр құндылықтарын өз бойына жинақтаған ұғым–түсініктерді де естен шығармаған жөн.