құт

түркі–қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында береке, байлықтың басы дегенді білдіретін киелі ұғым. Көне түркі заманында Қ. сөзі: 1) жан, өмірлік қуат, рух; 2) бақыт, жақсылық; 3) сәттілік, табыс, сыбаға; 4) ұлылық, дәреже; 5) ақиқатқа жету, нұрлану, шаттықа кенелу деген түрлі мағыналарда қолданылған. Қ. ұғымы, а) өсіп–өну құбылыстары мен заңдарына ұқсас; ә) тылсым рухтарға тәуелді негізде; б) көк Тәңірден келетін сыбаға деген наным–сенім ыңғайында қалыптасқан–ды. Тарихқа көз жүгіртсек, түркілерде Қ–тылық пен құтсыздық ұғымының мән–жайы тұрпайы натурализм деңгейінде, жеке адамның этик. заңдарымен, тіпті елдің әдептілік дәстүрімен ұштастырыла тарқатылады.  Қ. мәселесі тағы да адам мен жан–жануарлардың өсіп–өнуі тұрғысынан, байлық–молшылық сипатында сарапталынады. Ислам діні аясында Қ–тың түп–тамыры Алладан келетін киелі нұр, қуат көзі, күллі береке деген түсініктер қалыптасты. Содан Қ. пайғамбардан халифаларға, халифалардан сопы–пірілерге көшеді деген рухани сабақтастық нышаны орнықты, сопылық дүниетаным етек алды. Осылай пайымдаған Ж. Баласағұни Қ. туралы түсінікті иманмен, ақыл–оймен тығыз байланыста ширатты. Халықтық әдет–ғұрыптарда а) Қ–ты үлкеннен бата алу, атақонысын әулиедей көріп қастерлеу адамның басына қонатын «Бақыт Құсы» немесе Қыдыр деген рәсіммен бекіді; ә) отбасының, мал–жанның өсіп–өнуі, абырой–беделдің жоғарылауы басқа қонған Қ–пен байланыстырылды. Содан әулеттің, шаңырақтың берекесін ұстап тұрған қарапайым адамдар (аналар, әйелдер) бүкіл тайпаның, халықтың Қ–на айналған тұлғалар болады деген ырым орнықты. Тіпті ата–бабаларға қонған Қ. оның ұрпақтарына көшетініне, содан аруақты сыйлау, ата–баба өсиетін қатаң ұстану дәстүрі күш алатынына кәміл сенушілік туды. Қ. ұғымына қарама–қарсы түсініктер,  ырым–нанымдар – апат, сор, жұт, аштық, жоқшылық, құлдық, қорлық, бейнет жағымды нәрсенің құлдырауын, кері кетуін білдірді. Қ–а деген дәмеден қалың жұрттың басынан бағы тайған кезде, жаңа заманды аңсау  сарыны да жан–жақты көрініс тапты, жаманнан жирену, үмітке ұмтылу құлшынысы білінеді. 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *