қоғамдағы қауымдастықтың ашық көзқарасы; қауымдастықтың өмір құбылыстарына және әріптестерінің мінез–құлқына қатысты маңызды мәселелерді бағалаудың қалыптасқан түрі; адамның мінез–құлықтары мен іс–әрекеттерін реттеуге бағытталған қауымдасқан сананың ықпалдас әсері. Қ.п.–дің мән–мағынасы ғылымның әр саласында өз деңгейінде әрқалай талдануы ықтимал. Бірақ олардың бәріне ортақ проблемалар мынау: а) Қ.п.–дің субъектісін анықтау және талдау; ә) Қ.п.–дің маңызын ашу немесе жоққа шығару дәрежесі; б) Қ.п. мазмұнын тұжырымдау қажеті. Антикалық дәуірде Протагор Қ.п.–ді көптің үні, пікірі деп пайымдады. Кейінірек оны қалың бұқараның мемлекеттік істі басқаруға қатысу құралы деген ой түйінделді. Саяси билікті күшейтуге ашық жол іздегендер Қ.п.–ді элитаның күш–қуатына балады. 17–18 ғ. батыс ойшылдары Қ.п. биліктік бақылаудан тыс, бірақ саяси шешім қабылдауға ықпал ететін қауымдасқан ой–пікірді білдіруге пайдаланды. Қоғамда саяси–әлеуметтік өзгерістер қарқындаған сайын Қ.п.–дің саяси мағынасы артты. Көпшілік оның субъектісіне айналды. Қазіргі әлеуметтік–философиялық көзқарастар Қ.п.–дің субъектісін бір–бірінен бөле–жара қарай бермейді. Коммуникация теориясы (Луман) бойынша, Қ.п. бәріне ортақ, ашық, жариялы байланысты қамтиды, жеткізеді. Бірақ көзқарасты бәрі бірдей қолдай бермеуі ықтимал. Қ.п. «моральдық–нормалық» бағдар аясында қараушылар (Хабермас), оны «құқықпен», «саясатпен» салыстырды, бұқаралық ақпараттың құралы ретінде қарастырды. Енді бір ойшылдар, Қ.п және күнделікті пікірдің бір–біріне үйлесе бермейтініне назар аударды. Қ.п. ортаны тікелей бақылаудан, қайсы бір әрекетті қалаудан немесе жақтырмаудан қалыптасатынын ескерсек, онда мұндай ахуал көптің көңіл–күйіне міндетті түрде оң немесе теріс ықпал етуге жол ашады. Осыдан Қ.п. туралы құрылымдық–функционалды теория күшіне енді. Бұл теория қайсы бір қауымдастықтың қимыл–әрекетіне немесе адамның бейсаналық ынта–ықыласына негізделеді.
Қ. п. – демократиялық қоғамның басты бір айғағы. Оның дұрыс қалыптасуына қауымдастық арасындағы тиянақты байланыстар, адамдардың өзін–өзі басқаруға және қоғамдық пайдалы жұмыстарға араласуы оң, пайдалы және нәтижелі ықпал етеді. Мұндай түсінік адамның өзіне деген сыни көзарасты саралауды, ал қоғамда – бақылауды реттеуді қажет етеді. Қоғамдағы бұқаралық ақпараттар, саяси плюрализм, азаматтық еркіндік жайлары, білімді тарату тәсілдері мен стереотиптері Қ.п.–дің таралуына әрқалай қосымша әсер етті. Ендігі Қ.п. арқылы адамның өзін–өзі ұстай алатын қабілетін тәрбиелеу және оның интегративті қызметін жоғары қойып талқылаудың, қолданудың ықпалы артуда. Қ.п.–дің өзекті проблемалары мен бағдарлары демократиялық дәстүрдің де, күнделікті айтыс–тартыстың да нысанасына айналуда. Қазақ қашанда ел аузындағы сөзге құлақ түре тыңдап, оған үлкен мән берген, қарсы келе бермеген. Қазақстандағы жаһандану процесіне бейімделу, оны бейімдеу және түрлі модернизациялы процестер Қ. п.–ді жетілдіруге ауқымды ықпал етуде.