индивидтің қайсыбір іс–әрекетті орындауға дайындығы; белгілі бір өнімді іс–әрекетті табысты орындаудың алғы шарты болатын тұлғаның индивидуалды–психологиялық ерекшеліктері – білік, тәжірибе, шеберлік, таланттың жарамдығы. Индивидуальды ерекшіліктер жалпы бағыттылығымен, адамның белгілі бір қарекетке бейімділігінің орнықтылығымен, іс–әрекеттегі тапқырлықпен және олардың нәтижелілігімен тығыз байланысты. Қ–ң жалпы және арнайы, айқын және жүйелі түрлері өзара қабаттасып жатады, даму деңгейлері талант, дарын, жарамдылық, тиянақтылық ұғымдарымен байланысты. Оның сапалық сипаттары ептілік, икемділік, шеберлік, тәжірибе сияқты кәсіби дайындыққа тікелей тәуелді, ал құндылығы берілген уақытқа сай белгілі бір әрекетті өнімді жасауға тигізетін индивидтің ықпалымен анықталады. Қ–гі жарамдылық қызметті көтермелей орындайтын әлеуетті және субъективті ұмтылысты жаңғыртады, жітік қасиеттерді қажетті сұраныспен ұштастырады.
Қ. – адамның ақыл–ой өзгешеліктерінің жеке қабілет–қасиеттерін көрсететін әрі кез келген тұлғадан табылатын қасиеттер қосындысы. Сапалы қасиеттердің ойдағыдай дамуы адамда тиісті білім жүйесінің, икемділік пен дағдының болуына байланысты. Қ. еңбек пен кәсіби жұмыс түрлеріне байланысты, мәдениетті игеру деңгейіне орай, тұлғалық мінез–құлыққа сай әрқалай өрбиді, жіктелінеді, бойдағы қасиеттерді іріктейді. Негізінде, Қ–ті адамның ой–ерекшеліктерінің жеке жақтарын көрсететін арнайы, арнаулы қабілет деп және мінез–құлық, көңіл күй оралымдылығы мен бақылағыштық, зеректік пен тапқырлық әрекеттерінен туындайтын жалпы қабілет деп жатады. Арнаулы Қ. іс–әрекеттің жеке жақтарынан көрінетін шығармашылықтан, оның орындалуына мүмкіндік ашатын, жағдай тудыратын іріктеулі қабілеттер жиынтығынан құралады. Бұған жазушы, сазгер, ғалым, әнші–күйші, инженер сияқты маманданған шығармашылық иелерінің өз міндеттеріне беріле де қызыға жұмыс істеуі дәлел.
Адамның Қ. қоғамның дамуына, әлеуметтік–мәдени ортаның үйлестілігіне, жеке жанның ынта–ықыласына байланысты жетіледі. Сондықтан, Қ–ті жеке бастың еңбек процесіндегі, көркем шығармашылықтағы, жұмысты басқарудағы икемділік, іскерлік қасиеті деп жатады. Әрбір жастың сапалық қасиеттері ойын–сауықта, өнер жарысында, оқу жүйесінде тезірек әрі тиянақты қалыптасады. Қ–ке ықпал етуге, яғни тәрбиелеуге болатыны күмәнсіз. Тек бір педагог–психологтар оқу–тәрбие жұмыстарын жеке баланың, оқушының жас ерекшелігін ескере оқытуды ұсынса, енді бір тобы Қ–ті сынып ұжымы мен жеке қарым–қатынас арқылы сабақты беру, жүргізу аясында қалыптастырып жетілдіруді жөн көреді. Ал Ф. Гальтон, Кокс, Дж. Кеттел сынды батыс ойшылдары Қ–ті тұқым қуалаушылық деп қарастырып, ортаның, тәрбиенің өзіндік рөлін жоққа шығарды. Қазақ ағартушылары Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Абай, Алтынсарин және т.б. Қ–тің тектілікке қатысты екенін қабылдай отырып, тәрбие мен өзіндік тәрбие шараларына үлкен мән берген.
Қ. жалпы және нақты арнайы түрде болады, ол тұлғалық өмірдің жалпы бағытымен, адамның белгілі бір қарекетке бейімділігінің орнықтылығымен тығыз байланысты. Қ–ң даму қарқыны мен деңгейін талант, дарын ұғымдарымен салыстыра отырып анықтаймыз, бағалаймыз. Қ. берілген уақытқа сай белгілі бір әрекетті жасауды мүмкіндік ететін сапалы мінез, табиғи дарындылық, есті ептілік, икемді тәжірибе, талант шеберлігі және т.б.
Психологиялық–педагогикалық тұрғыдан Қ. – а) белгілі бір өнімді іс–әрекетті табысты орындаудың шарты болатын тұлғаның индивидумдық–психологиялық ерекшеліктері; ә) тұлғаның белгілі бір іс–әрекетті табысты орындауына лайықты адамның бейімді қасиеті, іскерлігі және басқада дара–психологиялық ерекшеліктері; б) еңбек процесіндегі адамның жеке бастық икемділігі, іскер қасиеті. Қ.– әрекетке жарамдылық, бірақ Қ–ң индивидтің әрекетті орындауға дайындығы, ал жарамдылық – іс–әрекетті орындайтын әлеуетті немесе қабілетті дамытудың белгілі бір деңгейі екенін ескерелік.
Қ. – адамның ақыл–ойы мен мінез–құлықтарының дара қасиеттерін көрсететін, оның бойынан табылатын тартымды қасиет. Адамда тиісті білім жүйесі, икемділік үлгісі мен үйлесімді дағды болса, онда Қ. ойдағыдай дамиды. Баланың осындай қабілет–қасиеттерін дұрыс байқап, пайымдап, онымен санасып отыру – кез–келген тәрбиешінің, ұстаздың маңызды міндеті. Адам ерекшеліктерінің озат жеке жақтарын көрсететін қасиетті – жалпы қабілет деп аталады. Ақылдың оралымдылығы мен сыншылдығы, адамның зейінділігі мен бақылағыштығы, зеректігі мен тапқыштығы т.б. осы сияқты ақыл–ой әрекетінде көрінетін ерекшеліктер жалпы қабілетке жатады. Ал іс–әрекеттің жеке жақтарынан көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті арнаулы Қ. дейді. Бұған жеке кәсіби мамандардың – суретшінің, актердің, ғалымның, инженердің және т.б. қабілеті жатады. Адамның тұлғалық және кәсіби қабілетінің жетілуі қоғамның дамуына, оның әлеуметтік–мәдени сипатына байланысты. Қ–ті тәрбие жұмысының барысында жетілдіруге болады.