ҚАЗАҚ ЫРЫМЫ

дәстүрлі мәдениеттің маңызды ұғымы; дүниетаным мен әдет–ғұрыптың  кие тұту мен нанымдардан өмірді қасиеттендіруге, құдіретке табынуды,рәсім–салтты қисындауға, құрылған ғұрыптық амалдың түрі. Қ.ы. – жақсылыққа сену, үйлестікті күту, жаратаушының ырқына бағыну, жақсы ниетпен бақытсыздықтан құтылу, нанымдардан тұрады. Ы–ң түрлері әдет–ғұрып пен наным–сенім түрлеріне, шаруашылықты жүргізу тәжірибесіне орай жаңарып, жетіліп тұрған. Мыс., нәрестенің кіндігін жаны жақсы адамға кестіру, баланың тұсауын жүйрік, немесебеделді адамға кестіру.Жеміс ағаштарының жемістері мол болсын деп, балаларының қырқылған шаштарын суға араластырып, сол сумен ағаштарды суғаратын болған; босағадан енді ғана аттаған жас келінге енесі жаңа тірлікті жатсынбай, үй шаруасына, әсіресе ас дайындау ісіне адалдықпен әрі тез кіріссін деген ырым мен күмістен жасалған қос білезік сыйлаған. «Тамақ адал болу үшін қолда жүзік болу керек» деген сөз содан қалған; көне түркілер асыл тастар салынған әшекейді тіл–көзден қорғайтын тұмар ретінде қолданған; «ат табынын жатсынған кезде жалыннан бір уыс қыл алып оны малдың түкірігіне малып қалтаға салады. Бұл ырым «түкірік алу» деп аталады; біреуге көйлек бергенде өзінде бір түйме немесе, түйін қалдырады; отбасындағы малдың саны кемімес үшін үйірдегі басты «құт» малды сатпаған  және т.б.. Қ.ы.– белгілі және белгісіз, білетін және білмейтін нәрселердің байланысын ұштастыруға арналған, адам өзіне–өзі сенбеген кезде, өзін алапат жағдайлардың құшағында қалғандай болып сезінгенде немесе өзінде жоқ қасиеттерді басқа адамнан көргенде қолданыс тапқан, рәсім–салт шеңберінде адамның өзін–өзі тануды реттемек әрекетін білдіреді. Қазақтар ауырған адамды дуалап түрлі ы.–мен емдеуге әрекеттенген. Жаман тіл көзден сақтану үшін нәрестеге немесе бесігінетұмар,үкінің қауырсындарын, тырнағын т.б. іліп қоюды, баланың бетіне не маңдайына күйе жағып қоюды, оған ескі–құсқы немесе теріс айналдырылған киімдерді кигізуді дағдыға айналдырған. Құрсақтағы нәрестеге ананың көбікпен жұтқан ауаның исі арқылы алғаш жарық дүние және туған жермен таныстыру үшін аяғы ауыр анаға таң алдында сауылған бие сүтінің көбігін, ақырында, кешкі сүтті ішкізетін болған. Ай–жұлдыз бен шуақты күн ауасының исі сезім мен қан арқылы құрсақтағы шақалаққа дариды деп ұққан. Қ.ы. – өмір салттың тұрпаттық түрлері, солардың жиынтығы. Онда нақты түсініктен көрі метафоралық образдар мен символдық бейнелеу  басым. Ол халықтың өмір сүруінің деңгейін, қауымдастықтың бірлігі мен рәсім–салтын сақтауға, адамның мінез–құлық әдеттерін айқындауға, рәсімдерді төтенше жағдайға ішінара бейімдеуге мүмкіндік береді. Қ.ы.–ның тәрбиелік маңызы зор, танымдық және тәжрибелік негіздері бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *