Тарихи,өмірбаяндық негіздерге сүйенген– шежірелік, қоғамдық әлеуметтік үдерістер баяны өткен кезеңдерге деген халықтық көзқарастардың және тарихи түсініктердің негізін құрайды, мұсылмандық ренессанстан кейінгі тарихи–көркем сана мен дүниетанымдық–рухани мұралардан құралады. Оны халқымыздың нақты іс–әрекеттері мен оқиғаларының бағыты, әлеуметтік тәжірибесінің тетігі мен түрі, шебі мен деңгейі деп ұққан абзал. Ауызекі таралған мұралар ұзақ уақыт бойы жинақталынбай мәліметсіз қалды әрі философиялық–әдістемелік талдаудан өтпей өз жанрлық ерекшелігін таппады. Қазақтың, жалпы түрік халықтарының тарихи санасы біржағы отаршылдық қысымда, біржағы сол қысымға қарсы күресте және көрші елдердегі қандастарын өзіне тарта білген әрекетте қалыптасты. Кең мағынада, халықтың тарихи санасы оның жадында сақталған оқиғалардан, өзіндік еркіндік пен бітім үшін талпыныстан, азаттық үшін қозғалыстағы жауапкершілікті өзіне қабылдау тәжірибесінен қалыптасты. Мұнда оқиғаларды аңыз–әңгіме, хикая арқылы баяндаумен қатар, олардың қозғаушы күштерін, әлеуметтік бірлестіктердің өзіндік санасын және қарым–қатынастың үйлестігін әспеттеу алдыңғы қатарға шығады. Туған жерінде өсіп–өнген ұрпақтың кең байтақ кеңістіктегі «өзіндік» үні қазақтың дастандарында әрқалай өріс алды. Ал Өтеміс қажының «Шыңғыснаме», Захир ад–Дин Бабырдың «Бабырнама», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих–и Рашиди», Әбілғазы Баһадурханның «Түрік шежіресі», Қадырғали Көшімбекұлы Жалайырдың «Жамиғ ат–тауарих», Құрбанғали Халидтің «Тауарих–и хамсайи шарқи» еңбектерінде қазақ халқының тарихи шежіресі мен санасының үрдістері, ділі мен әлеуметтік–психологиялық ойлары әрқалай өрбітіледі. Материалдар ата–бабалардың ерлік харекеттерін, халықтың тарихын аңыз–әңгіме, өлең, жыр түрінде әңгімелейді, халықтың ой елегі мен талдауынан өтеді. Дастандар ХҮІІІ–ХХ ғғ. басында хатқа түсіп сақталғандықтан, халықтың әдеттік–құқықтық нормалары және билік қатынастарының идеологиялық ескерткіші болып қалуымен құнды. Шығармалардың құндылығы – тарихи материалдардың (фактілердің, оқиғалардың, түсіндірмелердің) дәлдігі мен толықтығында, мәліметтердің үйлесімділігінде; әрбір ханның саяси–әлеуметтік мәртебесін нақты тарихи жағдайға орай кеңірек жеткізуге мән беруінде; түркі, араб, парсы халықтарының тарихи–этникалық дәстүрі мен құндылық бағдарламасын кенірек жеткізуге мән берілуінде. Дастандардың нақты авторлары болса, олар көп тілді және заманындағы шығыстың көптеген әдебиеттері мен мәдениетін білген мұрагерлер, әлеуметтік–гуманитарлық ғылымдарды терең меңгерген ғұлама–ғалымдар, сол ірі оқиғаларға қатысқан қайраткер ірі тұлғалар. Олар «түріктің ата тегін» сабақтағандар. Мысалға, Әбілғазы Баһадүрхан «Түрік шежіресін» жазғанда оның қолында 18 жазба дерек болған. Осы кітапты жазуға көмектескен өзінің мына үш қасиетін бекер айтпағандай. Олар: а) әскерге қолбасшылық етуі, заң шығаруы, билік ісін игеруі, жаумен де, достармен де ортақ тіл табыса білуі; ә) араб, парсы, түрік тілдерінде өлеңмен жазудың барша түрлерін – меснеби, қасиди, ғазелдер, мюк–татар, рубайларды меңгеруі; б) Арабстан, Иран, Тұран, Моңғол елінде болған хандардың аты–жөнін, өмір сүрген кезін, мемлекетті басқару ісін және осылар жөніндегі оқиғаларды жақсы білуі. Бұл қасиеттер жоғарыдағы ғұламалардың бәріне де тән ерекшеліктер. Олар ата–бабалар мен ру–тайпалардың шежірелерін өздерінше ширатып, қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы этникалық бірегейлік пен тұрмыс–салттық, әулеттік үрдістердің рөлін айқындайды. Баяндаушылар болған, не болуы мүмкін, нақтылы хронологиялық тұрғыдан тіркелген оқиғалар мен құбылыстарды қалай баяндаса да, адамзат тарихының іргелі заңын бұзбайды. Аталынған еңбектерде: а) алуан адамдардың аты–жөні мен жер–су аттары, сондағы түрлі оқиғалар қамтылады; ә) әрбір оқиғалар айтушының өз көзімен көріп, анық–қанығына жеткен жайттар немесе орта ғасырлардағы тарихшылардың деректерімен салыстырылып, көбінесе «әңгіме», «хабарлау» сияқты ауызекі дәстүрде мазмұндалады. Әр жағдайда тарихи сананың үш бітімін – адами–өмірбаяндық есті, шежірелік (генеалогиялық) және тарихи жадыны (Т. Ғабитов) жаңғыртады. Рухани жаңғыруға және мұсылмандыққа бет бұрғызған жүйелі ізденістер қазақтың тарих философиясының арқауын құрайды.
ХІҮ–ХҮІІІ ғғ. қазақ хандығын құрудың рухани–саяси негіздері мен рухани–шипагерлік дәстүрлері тамыр жайды. Рухани–саяси негіз ұлыстардың шежірелік, тарихи, исламдық түп–тамырына, мемлекетаралық факторларға сүйенсе, рухани–шипагерлік дәстүр халықтың даналығын, салауатты өмірін, жан мен тән тазалығын сақтайтын тәжірибені тірек етті. Бұл кезеңде үш арна – адамгершілікке тұлғалық ұмтылыс, саяси өмірдің келбеттенуі және мемлекеттік шеңберде этно–әлеуметтік қозғалысы нышан алады. Қазақ философиясы тарихының осындай жаңа арнасы мен ұлағат тұтарлық ұстанымы хандық дәуір туралы кең мәлімет қалдырған Мұхаммед Шайбанидің «Тауарих–и гузидайи нусрат–намедан» («Жеңістің таңдаулы күндері кітабы»), «Тарих–и амнийаға» («Аманшылық тарихы») дейінгі он жеті жазба ескерткіштерде жалғасын тапқан. Бұл қолжазба ескерткіштер қазақ халқының өзіндік санасының қалыптасу айғағы. Ондағы бас тақырыптар – билікке қол жеткізу, оны жүргізу, хандықтың белгілі бір аймақпен байланысын тарихи ұғыну, қазақ ру–тайпаларының әрі көрші хандықтар арасындағы дау–жанжалдарды шешу мәселелері, ата–бабалар мен елдер арасындағы беделді, мұсылмандық тектілік пен құқық дәстүрін сақтау жолдары. Деректанушылық ғылымның жетіспеуінен ауызша және шет тілдердегі тарихнаманың мәліметтерін жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау, оларды тарихи зерттеулерде қолдану принциптерін даярлау жұмыстары баяу жүргізілуде. Баяндаушылардың тілі қарапайым, сөйлемдері нақты, қысқа әрі ұғымды, халықтың сөйлеу тіліне бейімделген. Оқиғалар еуразиялық, орта азиялық кең кеңістікті және елдік пен мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін қамтиды. Оқиғалар түрлі түсініктер салыстыра қарастырылады.
Қазақ тарихы философиясның жаңа рухани бастауы мен арқау–астары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген шығармаларда әрқалай тарқатылды. Қытай, араб, моңғол, түрік, парсы, ағылшын, орыс және т.б. тілдерден аударылған жаңа басылымдарда тарихи–көркем түсіндемелер әлеуметтік–мәдени феномен ретінде көрініс табады. Шығармаларда оқиғалардың себептілік тәуелділіктері, тарихи уақыт шеңбері және әлеуметтік өзгерістер аумағы толық, айқын көрсетіле бермесе де, мұндағы тарихи талғам мен талдаулар тың және тұрлаулы. Олар: а) адамның рухани болмысын исламдық–философиялық тұрғыдан пайымдайды; ә) халықтың әлеуметтік субъект ретінде қалыптасуы мен мәдени–тарихи үрдіске ену түрлерін сипаттайды; б) өткен шақтағы ұзақ мерзімділік пен осы шақтағы ағымдылық, беймазалық оппозицияның түп–тамырын білдіреді; в) ұлттық нышан мен ұлттықтан тыс, бөтен байланыстарды сараптайды; г) әлеуметтік–этникалық қауымдастықтардың ерекшеліктерін тұрақты және салыстырмалы түрде қисындап түзейді. Қазақтың тарихи–көркем санасы қандастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді егу арқылы ұрпақтардың этникалық өзіндік сана–сезімінің қалыптасуына демеулік етеді. Қазақтың өзіндік тарихи санасы басты үш фактордан – рухани дүние негізінің бір бағытта өрбуінен, мемлекеттік тәртіптің белгілі бір заң түрінде нығаюынан, халық бірлігінен, оның этникалық дәстүрінен күш–қуат алады. Ұлы ойшылдарымыздың тұрақтылық, имандылық, ізгілік, елдік туралы идеялары мәңгі гуманитарлық құндылықтарға жатады.
Тәуелсіздік алғалы егемендікті, еркіндікті, елдікті нығайтатын, насихаттайтын жаңа тарихи кезең басталды. Ұлттық мемлекетіміздің жаңа дәуірін жасау және талдау – алдағы іргелі міндет. Десекте, ұлтымыздың ауқымды дәстүрлері мен өзге халықтардың сырын ұғып, әр дәуірдің мәдениетін қайта жаңғыртып, өрлетуге жол таба білсек, онда халқымыздың тарихи санасының үрдістері сабақталмақ, әрі заманымызға сай өмір сүре алмақпыз. Тарихи сана мен жеңісті тәжірибенің, халық бірлігі мен ұлттық тарихтың ірі сабақтастығы осыдан табылады.