Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы – концерттік–сахналық мәдени мекеме. 1935 жылы құрылған. Оның негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі А. Жұбанов болды. Ф. құрамына сол кезде Қазақ ОАК атындағы ұлттық оркестр (1939 жылы Мемлекеттік хор капелласы болып қайта құрылған) деп аталатын домбыра оркестрі, ұлттық хор, би ансамблі және әншілер мен халық аспаптар оркестрінің үлкен тобы, Б. Лебедев құрған ішекті аспаптар квартеті мен Жетісу казак–орыстарының ән–би ансамблі кірді. 1938 жылы Ж. Жабаевтың есімі берілді. 1939 жылы Ф. жанынан М.М. Иванов–Соколовский және Л.М. Шаргородскийдің жетекшілігімен симфониялық оркестр құрылды. 1944 жылы қазақ ұлт–аспаптар оркестріне Құрманғазы есімі берілді. Қ. ф. отандық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын, қазақ композиторларының туындыларын, халық музыкалық фольклорын, кеңестік композиторлар шығармаларын кәсіби жоғары деңгейде насихаттап келеді. Филармония көктемгі музыкалық «Жігер» фестивалін, «Балалардың музыка апталығын», әңгіме–концерттердің абонементтік топтамасын, ұлттық және симфониялық музыкалық концерттерін өткізді. Белгілі өнерқайраткерлері – Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәрім Қойшыбаев, Мәмбет Мысырбаев филармонияны басқарып атсалысқан. 1970 – 80–жылдары Ж. Әубәкірова, А. Мұсақожаева, Г. Мырзабекова, Г. Молдакәрімова сияқты халықаралық байқаулардың лауреаттары сахнаға шықты. Қ. ф.–ның құрамында хор капелласы (жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткер Б. Демеуов), «Отырар сазы» фольклорлық–этнографиялық академиялық оркестр (жетекшісі ҚР еңбек сіңірген артисі К. Ахметов), республикалық камералық «Солистер академиясы» оркестрі (жетекшісі ҚР еңбек сіңгірген артисі А. Мұсақожаева), Мемлекеттік ішекті квартет, Қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті, Филармониялық трио, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр (жетекшісі ҚР халық артисі Т. Әбдірашев) және әншілер тобы кірген.
Ф–ның қабырғасында қазақстандық өнерпаздарымен қатар шетелдің орындаушылары, оркестрлері және түрлі хорлар мен ансамбльдер концерттер беруді дағдыға айналдырған. Ал, Ф. жеке орындаушылары республикадан тыс жерлерге, алыс–жақын шетелдерге гастрольдік сапарға жиі–жиі шығады. Сөйтіп, Ф–ның танымал бола бастаған орындаушылары көптеген Халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы атанған. Оның ішінде Италия, АҚШ, Ресей, Украина, Жапония және өзге де елдердегі салмақты да салиқалы байқаулары бар.
Ф. көптеген шығармашылық ұжымдардың ішіндегі бірден бір мекеме, ол Қазақстан композиторларының шығармаларын, дүниежүзі классикасын, қазақ музыкалық фольклорын және көп ұлтты Қазақстан композиторларының шығармаларын уақытылы тұрақты насихаттап келеді. Әртүрлі дәуірдегі әртүрлі композиторлардың мерейтойлары аталып өтіледі, сонымен бірге көрнекті композиторлармен, өнер қайраткерлерімен кездесу ұйымдастырылады. Мысалы, осы сахна Растропович, Светланов, Рихтер және тағы басқа аса көрнекті қайраткерлерді ұмытпайды, олардың дүниежүзі классикалық өнерге қосқан үлесін бағалайды, ең бастысы республикамыздың орындаушы өнер жұлдыздарының концерті есте қаларлықтай болады. Республикамыздың классикалық өнерінің бесігі болған..