КІШІПЕЙІЛДІЛІК

ізеттілікпен адамгершіліктің көрінісі үлкенге, айналасындағы  адамдарға сыйласым, әдептілік көрсететін, адамгершілік дәстүрдің нәзік айғағы. К.– жұрт мойындаған тәртіпке өз еркімен бағыну, өзінің жеке бастық керек–жарағын сол қоғамдағы халықтың қалыптасқан жағдайына сәйкес шектеу, адамға құрметпен қарап, серіктестің кемшіліктеріне төзімділік көрсету, өзінің де, басқалардың да жетістіктері мен кемшіліктеріне сын көзбен саралап қарау.

Жеке адам өзінің әлеуметтік тіршілік иесі екендігін сезінген сайын замандастарының, қоғам мен табиғат алдындағы жауапкершілігін жетілдіреді, міндет–парызын айқындайды. К–ділер өз еркімен қоғамға, адамзатқа қызмет істеуге бел буған кісілер. К.: а) адамның барлық іс–әрекетінен, қарапайым қимыл–қозғалысынан, өзін ұстауынан, тәлім–тәрбиелі мінез–құлқынан, дәйекті сөзінен, киген киімінен де аңғарылады; ә) өзге адамдарды сыйлаудан, олармен қарым–қатынас жасаудағы қарапайымдылықтан, өзінің қызметін дабыралап марапаттамаудан көрінеді. К–тің өлшемі – кісілікте, кісіліктің өресі – К–лікте. Мұндай адами артықшылық–адамның ұстамды сөзінде, сезім сергектігінде, қарым–қатынас туралығы мен тұрақтылығында, аумалы–төкпелі мінезге ұрына бермеуінде. К. адам – адамгершілігі мол, мейірбан, кісіге қарасуға, қол ұшын беріп, жәрдемдесуге әзір тұрады. К–лік– мінез, әлеуметтік мәртебе, көп қошемет тұтатын асыл қасиет.  Сол үшін де халық: «К–лік – кішілік емес, кісілік” – деп оның мәнін өте дұрыс айтып жеткізген.

Ежелгі заманның ойшылдары, философтары К–ті кішілік, қарапайымдылық, кісілік деп  асыл қасиеттермен теңестірген терең мағыналы нақылдарын арнаған. «Қабуснамада» «өзін басқалардан кішік, қарапайым ұстаған кісіні” – дана деген баға кезігеді. Шынында да, К–йіл, қарапайым кісі өзіне қатты сөйлеп, дөрекілік көрсеткендерге де дүрсе қойып, қаһарын шашпайды, зиянын көрген адамына да күш–құдіреті жетіп тұрғанымен, таптап тастауға құлықты емес, ашуын ақылына жеңдіріп, байсалдылық көрсетеді.

Қарапайым болу, ізгілік жасауға құштарлық, айбат көрсетпей–ақ, елеулі болуға, міндет қылмай–ақ, сыйлы болуға қол жеткізу, ақ көңілдігін сақтау. К.–йіл қарапайымдылық – мінез құлқы, адамның қорғаны. Жігерімен нәрлі жан еш нәрсені бүлдірмей, ешкімге зиян келтірмей, жасандылық пен менмендікке ұрынбай, бойындағы күш–қуатын жақсылыққа жұмсайды. «Жасанды К–лік – жақсы қасиет емес» (К. Гольдони), тіпті «жалған К.–лік те, менмендік сияқты, жиіркенішті” (Абай).

К–ке қарама–қарсы ұнамсыз қылық – менмендік, адамдар арасын жікшілдікке ұшыратады. Менмен адам кем–кетігін, кінәсын қаперіне алмай, өзін басқадан артық, жоғары санайды. Мақтауды ғана ұнатып, басқа салиқалы сөзді естігісі келмейді, ақыл–кеңесті құлағына ілмейді. Құранда: «Жер бетінде кердеңдеп жүрме! Әрине, сен жерді тесіп жібере алмайсың, не болмаса, зорайып өсіп, таулармен де теңесе алмайсың» («Исра» сүресі, 37–аят), – делінген.

Қазақта К–ті кішілік пен кісіліктің нышаны деп ұғынушылық қалыптасқан. К–лік дегеніміз үлкен алдында әдеп сақтау, кісіні сыйлау, өзінен кішіге лайықты мінез–құлық үлгісін көрсету. К–лік көрсету орынсыз кішірею, кішірейгенсу емес, шын мәнінде кісінің мәртебесін ізеттілік, сыпайылық көрсететін әдепті жанның адамгершіл қасиеті, төзімді ілтипаты. Қазақ халқы «кішілік те кісілік» деп, кішілік – әдептілікті, ізеттілікті, сыйласымдылықты көрсететін қасиет деп жоғары бағалайды. Халқымыздың: » Ұлық болсаң, кішік бол», «Болған адам болдым демес, болдым десе, болғаны емес” – деуі, адам қанша болып–толса да, кемерінен асып төгілмеуі керектігін, көпке деген ізеті мен инабатын үзбей, тіршілік етуге тиістігін айтқаны. Бала үлкенге қарап өседі.  Ата–аналар, үлкендер өздері үлгі көрсетпесе, К–тің кереметтігі жайындағы сөздердің әсері ойдағыдай болмайды. К. адамның рухани байлығының бір қайнары және көрсеткіші.    

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *