ИНСТИНКТ

(лат. Instinctus – түйсік, ырықсыз сезім) негізінде туыла біткен, шартсыз рефлекстердіқамтитын, өмірлік маңызы болатын әрекетті жасауға бой ұрғызатын қасиет, түрлердің тұқым қуалайтын икемді мінез–құлқы. Инстинкт ұғымының ғылыми талдануы ХVІІІ ғасырдан басталды. Оны француз философы және дәрігер Ламетри жануарлардың дене құрылысымен, және жүйке жүйесімен байланыстырып, инстинктілік әрекеттердің автоматты жүзеге асатынын аңғарады. Кондиляк оны ақылдың редукциясы, Де Руа енді пайда болып келе жатқан ақыл ретінде анықтайды. Француз ғалымы Фредерик Кювье И–ге тән туа бітетін және таптаурындық белгілерді байқайды. Ламарк өзінің «Зоология философиясы» (т. 1 – 2) еңбегінде жануарлар И–сі пайда болуының түпкі тегіне байланысты екеніне, маңызды өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруда пайда болғанына сілтеме жасайды.

ХХ ғасырда экспериментальді биологияның жетістіктеріне сай И. проблемаларының зерттеулері тереңдей түседі. И. түрдің туабіткен мақсатына лайықты мінез–құлық қызметі,  сыртқа ортаның белгілі бір әсеріне, ішкі тітіркенулер, қан құрамының өзгеруі (гормональді факторлар) және ішкі секреция бездерінің (жыныс, гипофиз, қалқанша без және т.б.) жауабы ретінде пайда болатыны анықталады.

Сеченев пен Павлов жануарлар мінез–құлқы негізінде жататын физиологиялық механизмдерді ашты. Павлов И–ні ағзаның қоршаған ортамен тұрақты байланысы жүзеге асатын, күрделі шартсыз рефлекстер ретінде анықтайды. Ең басты инстинктілер: тамақтану (азық), өзін қорғау (қорғаныс жасау), көбейю (жыныстық, ата–аналық), бағдарлық, сұқбаттасу (топтық үйірлік). И–лік қызметтің қалыптасуы анатомды–морфологиялық құрылымның дамуымен, әсіресе жануардың осы түрінің жүйке жүйесімен тікелей байланыстырады. Омыртқасыз жануарларда И. қызметті реттеу бастың ганглиясымен, ал омыртқалы жануарларда мидың қабық асты бөліктерімен жүзеге асады.

Адамда И. бағынышты рөл атқарады. Оның мінез–құлқын әлеуметтік қатынастармен және өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасқан жоғарғы жүйке жүйесі тежеп, өзінің бақылауында ұстайды. Сондықтан, адам мінез–құлқының саналы және рухани сипаты, психикасының жануарлар психикасынан сапалы айырмашылығы болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *