1986 жылы, 17–19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл–әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1–хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК–нің 1–хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8–де қаладағы Л.И. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300–дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Жастардың алаңға шығу себептері әртүрлі. Олардың, кейбіреулері мұнда талай жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа өкпе–наразылығын білдіргілері келсе, басқалары «ұлттық намысты қорғау» ұранына еліктей аттанды. Шеру саяси сипатта өтті және ол басқа халықтарға, соның ішінде орыстарға қарсы бағытталмады. 17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды.Бірақ көтерілісшілердің қойған талап–тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ–нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын — 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. 18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11–і университеттен қуылды.
Алматы сәулет–құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес.Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында бұлардан өзге Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, М.Әбдіқұлов сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты. 1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені әрі қарай тексеріп, болған фактілерді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей–тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.КСРО–ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.» (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы — ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары мен «Желтоқсан» (бас редакторы Х.Қожа–Ахмет) газеті жарық көрді, «Аллажар», «Қызғыш құс» (1991, реж. Т.Теменов) кинофильмдері түсірілді.1991 жылыосы оқиғаның 5–жылдығы тұсында, яғни 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданды.