ЕЛІКТЕУ

психологияда, индивидтердің немесе әлеуметтік топтың басқа бір индивидтердің және топтардың іс–қимылын, қозғалысын ұқсастырып жасауы. Аристотель адамның қалыптасуында еліктеу маңызды рөл атқарады деп атап көрсетті. Е–ді зерттеудің іргетасын И.П. Павловтың шартты және шартсыз рефлекстерді зерттеулері қалады. Е. – бұл қоғамдық тәжірибені игерудің бір жолы. Е.–дің онтогенездің алғашқы кезеңіде маңызы айрықша. Сәби Е.–дің нәтижесінде іс–қимыл, дағдыларды, жүріс–тұрыс ережелерін, сөйлеуді үйренеді. Е. бойынша іс–қимыл мен дағдыларды игеру қарым–қатынас, қабылдау, дамуының жоғары деңгейін болжайды. Кері жағдайда, Е. қозғалысты сырттай қайталауға айналады. Е–дің мұндай түрі психикалық дамуында ауытқушылық бар балаларда кездеседі. Е. дамуындағы бұзылу қоғамдық тәжірибені игерудегі қиындықтардың пайда болуына, психикалық дамудың тежелуіне алып келеді. Е. ерікті және еріксіз іске асады. Ерікті Е. мектеп жасына дейінгі балалар мен сәбилерді оқытып–үйретуде жетекші әдістердің бірі ретінде қолданылады. Бұл балаларды оқыту процесінде жас ерекшелікке сай жетіле береді. Е. адам өмірі мен іс–әрекетінде маңызды рөл атқарады. Е. нәтижесінде адам жүріс–тұрыс нормалары мен еңбек дағдыларын үйренеді.

Е. антикалық және XVI–XVIII ғасырлардағы классикалық эстетиканың негізгі қағидаттарының бірі. Өнерге еліктеу (мимесис) ретінде қарау пифагоршылдықта (музыка аспан үйлесімділігіне Е. ретінде) қарастырылып, кейін бұл көзқарасты Платон және Аристотель өрбітті. Өйткені Платон бойынша, көрінетін әлем жоғары идеялар әлеміне Е., шынайылыққа Е–ші өнер тек соны ғана көрсетеді. Аристотельдің пікірінше Е–ге ұмтылу тірі жандарға, әсіресе адамдарға тән Е. өнердің мәнін құрайды, жиіркеніштілік пен жексұрындылық бейнеленген кезде де бұл қанағат сезімін береді. Е.–дің тәсілі мен объектісі әдеби жанрлардың негізгі қасиеттері болып табылады. Платон өнердегі ұсқынсыздықты, адамгершілік тұрғыдан айыпталатын нәрсені бейнелеуді айыптаса, ал Аристотель мұндай бейнелеуді дұрыс деп санап, комедияны эпос пен трагедиядан төмен қойды. Себебі, комедияда, «нашар адамдарға» еліктеушілік бар.

Жаңа заманда Е. классицизм эстетикасында кеңінен қолданылды. Ш. Батте «Бірыңғай қағидатқа негізделген нақышты өнер» (1746) атты еңбегінде барлық өнер үшін осындай бірыңғай қағидатты Е. деп санады. Е.–ге тек «әсем табиғат» лайықты деп санаған классицистер антикалық өнердегі идеалды үлгіге Е–ге ұмтылу ең жақсы тәсіл деп санады. «Табиғаттағы әсемдік» ұғымын неміс классикалық философиясының өкілдері сынға алды. 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *