ДҮНИЕ

тұтас алғандағы бүкіл объективтік шындықта бардың бәрі. Д–ге бірлік, біртұтастық тән. Д–нің бірлігі оның бар болғанында емес, яғни оның болмысында емес; ол, әрине, бар, өмір сүреді, оның болмыс екендігі рас, бірақ болмыс оның бірлігінің алғы шарты ғана. Философия мен ғылымды Д. мен Адамның қарым–қатынасы мәселесі қызықтырады. Адам да сол Д–нің бір бөлігі, бірақ Адам сонымен бірге Д–мен барабар: ол Д-ні сезінеді, тұтас қабылдайды, танып–біледі, өзгертеді, оған тереңдеп бойлайды, оның тұтас суреттемесін жасайды, меңгереді. Адам әмбебап жан иесі ретінде Д–мен теңгеріледі, сол Дүниеде еркін өмір сүруге ұмтылады. Адамзат практикасының дамуы бұл еркіндік дәрежесінің барған сайын арта түсуіне әкеліп соғады. Дүние ұғымымен қатар кейде Әлем, Ғарыш (Космос) ұғымдары қолданылады. Әлем ұғымы астрономиялық мағынасы бар ұғым, ол галактика, мегагалактика сияқты ұғымдармен нақтыланады. Космос ұғымы антикалық философияның жемісі: онда миф пен логос, хаос пен космос қарама–қарсы қойылады. Космос хаостан мүлде бөлек, ол белгілі бір тәртібі, ішкі заңдылығы бар біртұтас Д. сондықтан антикалық философиясының басты ерекшелігі оның космоцентризмінде делінеді. Яғни бәрі, табиғатта, қоғамда да, адам баласы да, сол бір Космос, сонымен қамтылады, сонымен анықталады. Бүкіл дүние макрокосмос делінсе, адам микрокосмос деп есептеледі. Қазіргі ғылымда космос ұғымы астрономиялық (аспан, аспан денелері) мағынасында қолданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *