ҒЫЛЫМ

(арабша: علم‎ — тану; латынша scientia — білім) –зерттеу жолымен жинақталған жүйелік табиғат пен қоғам туралы обьективті білім жүйесі, адам танымының жоғары формасы.

Негізінен Ғ–дарды екі санатқа бөледі: Жаратылыс құбылыстарын (биологиялық өмірді қоса) зерттейтін жаратылыстану ғылымдары және адамзаттың әлеуметтік өмірі мен қоғамдық қатынастарын зерттейтін гуманитарлық ғылымдар. Бұл санаттар эмпирикалық ғылымдар болып табылады, яғни ондағы білім табиғатта көруге және зерттеушілердің әлдебір шарттарда тәжірибе арқылы тексеруге болатын құбылыстарға негізделген. Кейде фундаменталды ғылым деп аталып үшінші санатқа жатқызылатын математика ғылымының жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдармен ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Ұқсастығы — объективті, ұқыпты және жүйелі әлдебір білімді зерттегенінде болса, айырмашылығы білімді тексеру тәсілінде: ол эипирикалық емес, көбінше априори тәсілдеріне жол береді. Статистика мен логистика ғылымдарына жататын фундаменталды ғылымдар эмпирикалық ғылымдар үшін өте маңызды. Фундаменталды ғылымдардыың ірі жетістіктері физика және биология ғылымдарына да жиі ірі жетістіктер әкеледі. Фундаменталды ғылымдардағы теориялар нәрселердің қалай жұмыс істейтінін (жаратылыстану ғылымдары) ашу мен сипаттауда, сонымен қатар адамдар қалай ойлап, қалай әрекет ететінін (гуманитарлық ғылымдар) сипаттауға маңызды гипотезалар, теориялар және заңдылықтар құруда үлкен рөл атқарады. Ғ.–мен өзара тығыз байланыста болатын ғылыми зерттеулер нәтижелерін адамзат мұқтаждығына пайдалану болып табылатын қолданбалы ғылымнан ажырату үшін кейде тәжірибелік ғылым болып аталады.

Тұтас Ғ. жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде жаратылыстану, әлеуметтік және техникалық ғылым деп үлкен үш топқа бөлуге болады. Бұлардың арасында қатаң шекара жоқ, бірқатар ғылыми пәндер аралық жағдайда қалыптасқан. Мысалы, техникалық ғылым мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде – техникалық эстетика, жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымының түйіскен жерінде – астроботаника, ал жаратылыстану ғылымы мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде экономикалық ғылымдар қалыптасқан. Ғ.–ның ерекше маңызды рөл атқаратын салалары – математика, ақпараттану және басқару теориясы болып табылады. Ғ–ның белгілі бір саласында дәстүрлі зерттеулер жүргізілуімен қатар, пәнаралық, кешенді зерттеулер жүргізу қазіргі Ғ–ның ерекше даму бағыты болып табылады. Мысалы, табиғатты қорғау мәселелерін зерттеуде осы бағыттың маңызы айқын болып отыр. Мұнда биология мен техникалық ғылымдар, жер туралы ғылым мен медицина, экономика мен социология түйісіп, мәселені бірге зерттеуде. Өзінің алған бағыты, тікелей өмірге қатынасына байланысты Ғ.–ды іргелі және қолданбалы деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Іргелі ғылым саласының міндеті қоғамды, дүниені, табиғатты түсіндіретін заңдарды тану. Бұл заңдар мен құрылымдар «таза күйінде» зерттеледі, оларды тікелей пайдалану мүмкіншілігі шартты емес. Қолданбалы ғылымның тікелей мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік–практикалық мәселелерді шешуге қолдану болып табылады. Яғни оның міндеті – ақиқатты тану ғана емес, әлеуметтік сұранысты қанағаттандыру. Қолданбалы ғылым теориялық та, практикалық та бағытта дамуы мүмкін. Мысалы, қазіргі физикада электрдинамика мен кванттық механика іргелі ғылым саласы, ал осыған қосымша нақтылы пәндік саланы тану үшін теориялық қолданбалы физиканың түрлі салалары (металл физикасы, шалаөткізгіштер физикасы, т.б.) қалыптасқан. Ал олардың нәтижесін одан әрі практикада қолдану үшін, әр түрлі практикалық қолданбалы ғылым (металтану, шалаөткізгіш технологиясы, т.б.) пайда болды, бұлар тікелей өндіріспен байланысты қалыптасқан. Барлық техникалық ғылымдар қолданбалы ғылым саласына жатады. Қазақстанда Ғ–ды ұйымдастыру алғашқыда әр түрлі ғылыми–зерттеу мекемелерінде және бірқатар жоғары оқу орындарында шашыраңқы күйде жүргізілді. 1945 ж. Қазақстан Ғылым академиясы құрылғаннан кейін, ғылыми–зерттеу институттарының бірыңғай тұтас жүйесі қалыптасты. Ғылым академиясы құрылғаннан бергі уақытта онда үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді; өндіріске құнды жаңалықтар енгізілді.

Ғ– адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғ. сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғ.–ның басты мақсаты – Ғ. заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

Орта ғасырларда Ғ.–ның дамуына Шығыс, араб елдері Орта Азия ғалымдары (әл–Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ибн Рушд, Бируни, Махмұт Қашқари, Жүйнеки т.б.) елеулі үлес қосты. Олар Ежелгі Грекияда қалыптасқан ғылыми таным жетістіктерін сақтап қана қойған жоқ, оны көптеген салаларда толықтырып, дамытты. Шығыста әл–Фарабиді Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп таныды. Орта ғасырларда араб елдері мен ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия т.б. Ғ. салалары қауырт дамып, бұл құбылыс кейін Ислам Ренессансы деп аталды. Мысалы, Омейя әулеті халифатында ғылым үйі болды, онда ғалымдар ежелгі грек ғылымының барлық жетістіктерін араб тіліне аударды, Ғ–ның ерекше формасы, «фәлсафа» қалыптасты. Еуропада бұл дәстүрді кейін схоластар дамытты. Ғ–ның қалыптасуына негіз болған тағы бір тірек алхимия мен астрологияның дамуы болды. Алхимия табиғи заттар мен қоспаларды тәжірибе жасау арқылы зерттеп, химияның қалыптасуының алғышартын жасады. Астрология аспан денелерін зерттеу арқылы астрономияның дамуына ықпал етті. Қайта өрлеу дәуірінде діннің басымдылығы әлсіреді, Ғ. рухани өмірдің дербес факторы болып, дүниетанымның (Леонардо да Винчи, Николай Коперник т.б.) негізгі тірегіне айналды. Сондай–ақ Ғ. табиғат құбылыстарын жан–жақты зерттеп, адамзат танымының көкжиегін кеңейте түсті. XVI – XVII ғасырларда Ғ–да болған терең өзгерістер алғашқы ғылыми революцияға (Галилео Галилей, Иоганн Кеплер, Уильям Гарвей, Рене Декарт, Христиан Гюйгенс, Исаак Ньютон және т.б.) алып келді. Ғ.–ның қарқынды дамуы, дүниенің жаңа бейнесін қалыптастырудағы рөлінің артуы, жаңа дәуірде Ғ.–ды жоғары мәдени құндылық ретінде тануға, көптеген философиялық мектептер мен бағыттардың Ғ–ға қарап бой түзеуіне ықпал етті. Механикадағы жетістіктер XVII ғасырдың аяғында жүйеленіп, толығып, әлемнің механикалық бейнесі туралы түсінік қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, кейін әмбебап дүниетанымдық (Леонард Эйлер, Жан Даламбер, Пьер Лаплас, т.б.) маңызға ие болды. Осы бағыттың шеңберінде физика, химия салаларымен бірге биологиялық құбылыстар да зерттелді, соның ішінде адам тұтас организм (Жюльен Ламетридің «адам – машина» тұжырымдамасы) ретінде қарастырылып түсіндірілді. Энергияның сақталуы мен айналуы заңының ашылуы (Роберт Майер, Джеймс Джоуль, Герман Гельмгольц) физика мен химияның барлық тарауын ортақ негізге қоюға мүмкіндік берді. Клетка теориясын тұжырымдау (Теодор Шванн, Маттиас Шлейден) барлық тірі организмдердің біртекті құрылымын көрсетті. Биологиядағы эволюциялық ілім (Чарльз Дарвин) жаратылыстануға даму идеясын енгізді. Элементтердің периодтық жүйесі (Дмитрий Менделеев) заттың барлық белгілі түрлерінің ішкі бірлігі барлығын көрсетті. XIX ғасырдың ортасында әлеуметтік дамудың ғылыми теориясын жасау үшін әлеуметтік–экономикалық, философиялық және жалпы ғылыми жағдай қалыптасты; физика саласында бірқатар ғылыми жаңалықтардың (электрон, радиоактивтілік, т.б.) ашылуына қол жеткізді. Ғ–дағы дағдарыс физикада басталған жаңа ғылыми революциямен (Макс Планк, Альберт Эйнштейн, Нильс Бор) шешілді және қазіргі заманғы Ғ–ның барлық негізгі салаларын қамтыды. XX ғасырдың басында жаратылыстану ғылымында алдыңғы қатарға биология шықты, онда ДНК–ның молекулалық құрылымы белгіленіп, генетикалық кодтары айқындалды. XX ғасырда Ғ.–ның даму қарқыны оның түрлі салаларының ұштасып, қазіргі кезеңнің кешенді, ірі мәселелерін жаңа бағдарда шешуге бағытталған мәселелерде (материалдар мен энергияның жаңа көздерін қалыптастыру, адам мен табиғат қатынастарын тиімділендіру, үлкен жүйелерді басқару, ғарыштық зерттеулер, т.б.) ерекше байқалды.  III мыңжылдықтағы Ғ. дамуының басым бағыты біздің бүкіл әлемді, оның ішінде, адамның ішкі әлемін жан–жақты, тұтас қарастыру болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *