ГУМАНДЫЛЫҚ

(лат. humanus – адамдық, адамгершілік) — тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін жүзеге асыру құндылығын мойындау, адам игіліктерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. тармағында — орта ғасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой. Бұл өзіндік құндылықтардың түбірі адам екендігін мойындаудан бастау алады. Г–тың теориялық тұжырымы ретінде И. Канттың мына ойын келтіруге болады: “Мен мынаны айтамын: адам және кез келген ақылды жан басқаның ырқынан туындаған құрал емес, әр уақытта мақсат болып табылады, өзіне не басқа ақылды жандарға бағытталған әрекеттерінде ол қашанда мақсат ретінде алынуы қажет”. Теориялық ілім ретінде Г–тың негізінде адамның ешқандай шартсыз, өзімен өзі жеткілікті құндылығы идеясы жатыр. Еуропаорталықтық ұстаным бұл идея тек Батыста қалыптасады деген пікір айтады. Алайда, ортағасырлық мұсылман философиясында мінсіз жетілген адам ұғымын (әл–камили әл–инсаний) Ислам Ренессансының өкілдері (әл–Кинди, әл–Фараби, суфийлер, парсы–тәжік ақындары) жан–жақты зерделеген. Христиандық мәдениетте Г. идеясы “басқаға деген махаббат” және “жақынға деген махаббат” түсініктері арқылы берілген. Егер біріншісінде адам өзін және жақындарын адамзатқа деген абстракты сүйіспеншілік үшін құрбандыққа шалуға тиіс болса, онда екіншісі нақтылы адамға бағытталған. Г. негізінде алыптылық (титанизм), не әлсіздік пен пақыршылық идеологиясы емес, адамды қастерлеу идеясы жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *