туысқандық қатынастарға негізделген, шыққан арғы тектен бастау алатын ұрпақтар сабақтастығын білдіретін ұғым. Г. жай хронология немесе ата–бабалар аттарының жалаң тізімі емес, ол нақтылы адамдардың тек өзінің жақын тегін біліп қана қоймай, сонымен бірге бүкіл этноспен табиғи байланысын және рухани тұтастығын сезінуге бағытталған. Г. тек адамдардың туысқандық–тектік бірлестіктерін ғана сипаттамайды. Мыс., тілдік байланыстарда “Г.ағашы” тәсілі қолданылып, тілдік шоғыр, топ, бөліктер айқындала алады. Айталық, қазақ тілі Алтай тіл шоғырындағы түрік тобы, қыпшақ бірлестігіне жатады. Г. принципі қазақтың дәстүрлі мәдениетінде кең қолданыс тапқан. Жеті аталық үрдіске негізделген туысқандық қатынастар бүкіл этносты біріктірген (“қарға тамырлы қазақ”). Қазақ мәдениетіндегі Г–лық принцип әрбір адамды қауыммен тұтастырып тұрған әлеуметтік тетік қызметін атқарған. Г–ның қазақ өміріндегі нақтылы көрінісіне шежірешілдік жатады. Шежіре, әдетте, “Г. ағашы” принципі бойынша құрылып, онда бүкіл этностың арғы тектері анықталған. Орталық Азия халықтарының ең белгілі шежірелеріне жататындары: “Түрік шежіресі”, “Моңғолдың құпия шежіресі”, “Әбілғазы–Баһадүр–ханның шежіресі”, Ұлықбектің “Сұлтандар шежіресі”, Ш. Құдайбердіұлыны” “Түрік, қырғыз–қазақ һәм хандар шежіресі” және т.б. Ислам діні қуат алғаннан кейінгі қазақ арасындағы шежірелерде арғы текті Адам атадан бастау да дәстүрге айналды. Сонымен қоса қазақ мәдениетінде субъмәдениеттерге қатысты Г–лық құрылымдар да кездеседі: Үш жүздің шежіресі, қожаның шежіресі, төренің шежіресі, төлеңгіттің шежіресі, сунақтың шежіресі, ноғайдың шежіресі т. б.