(грек. harmonіa – сәйкестік, келісім, үндестік) — белгілі бір тұтастықтың бөліктері мен элементтерінің бірегейлігі, бірге әрекет етуі, өзара үндестігі. Адамдық сезім және мағыналықпен толықтырылған үйлесімділікті әсемдік деп атайды. Г. хаос, ретсіздік, жүйесіздік ұғымдарына қарсы бағытталған. Жалпы тіршілік пен адамзаттың қалыптасуын хаостан Г–ға өту деп бағалауға болады. Антикалық мәдениетте Г. әлемдік әмбебапты дүние құрастырушы принцип түрінде қабылданады. Натурфилософтар макроғарыш пен микроғарыштың (адамдық әлемнің) үйлесімдігін басты ұстанымға айналдырған. Платон бойынша, үйлесімділік ізгілік пен әсемдіктің негізгі белгісі болып табылады. Гераклит үйлесімділік арқылы қарама–қарсылықтар бірігеді деген. Жалпы антикалық мәдениетте адам мен полис, тән мен жан, адам мен табиғат арасындағы Г–ны жоғары бағалау тән. Қайта өркендеу мәдениетінде Г. гуманизм аясында қарастырылды. Лейбниц бүкіл әлемге тән үйлесімділік туралы жазды. Қазіргі мәдениеттануда Г. принципі жалпы адамдық мәдениетті бейнелеуде кең қолданыс тауып отыр.