(ағыл. mass culture – бұқаралық мәдениет) — ХХ ғасырда Батыс елдеріне тән мәдени тип. Б.м. ұғымында қазіргі өркениетті елдерді қамтыған төмендегідей құбылыстар көрініс тапты: ақсүйектік (элитарлық) мәдениеттен оның бұқаралық бітіміне ауысу, бұқаралық ақпарат бұлақтарының жан–жақты дамуы, мәдени өнімдерді тұтынудың индустриал.–нарықтық түрлерінің үстемдік етуі, адамның рухани өмірін стандарттау және оны жарнама арқылы реттеу, адамдардың көңіл–күйі мен бос уақытын нарықтық мақсаттарда қолдану т.б. Б.м. адам тіршілігіндегі жалғыздық пен көпшілдік, руханилық пен пендешілік, сезім мен парасат сияқты түбегейлі парадигмаларды шешуге бағытталған. Ондағы қойылып отырған тағы бір мәселе – ұйқы мен жұмыс арасындағы бос уақытты қалай өткізу туралы. Егер постиндустриалдыққа дейінгі қоғамда тек азын–аулақ ақсүйектердің қолы бос болса, қазіргі Б.м. бұл деңгейге халықтың көпшілігі жете алды және оны қызықты өткізуге мүмкіндіктер туды. Б.м. тағы бір ерекшелігі оның жазу мәдениетінен экрандық өркениетке өту заңдылықтарымен байланыстылығында. Интернет жүйесімен тұтастырылған Б.м. ұлттық мемлекеттік шектен шығып әмбебапты жалпыадамзаттық сипатқа ие бола бастады, мәдени сұхбатты бір стильге келтіру оның қарым–қатынастық мүмкіндіктерін арттырды. Алайда Б.м. ішкі қайшылықтарға толы және оны барлық ұлттық мәдениеттерге үлгі ретінде ұсыну дұрыс емес. Мәдени құндылықтарды конвейерлік тәсілмен өндіру олардың тұлғалық шығармашылық мазмұнын кемітіп, адамдық жатсынудың жаңа формаларын қалыптастырады. Тек пайданы көздеу, ұлттық дәстүрлі мәдениетке жат әсіре сексуалдылықты, зорлық–зомбылықты, нәсіпқұмарлықты, арсыздықты, руханисыздықты дәріптеуге әкеп соғады. Б.м. үлгілері қазақ халқының ұлттық құндылықтар сүзгісінен өтуі қажет.