қайырымдылық шараларын өткізумен және қоғамда балалардың құқығы мен заңды талаптарын қамтамасыз етумен айналысатын мемлекеттік емес ұйым. 1992 жылы Қор президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның ұйымдастыруымен «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры болып құрылды. Қызметінің басты бағыттары: ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмыс дәрежесі төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу. Қор 1992 жылы Қазақстанда «Қуаныш пен Үміт үйі» аталатын тұңғыш халықаралық телемарафон өткізді, одан түскен қаржы «Б.» балаларды емдеу–сауықтыру орталығының (Алматы) құрылысына жұмсалды. 1993 жылы Қарағанды, Өскемен, Көкшетау қалаларында «Мейір күндерін» өткізді, 1994 жылы балалар мен олардың аналарын, отбасын сақтауға, әлеуметтік қорғансыздыққа қарсы күресуге жәрдемдесетін алғашқы мекеме — «Үміт үйін» ашты. 1994 жылы «Б.» қоры БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің мүшелігіне қабылданды. 1995 жылы Республикалық туберкулез институтының, Республикалық онкология институтының балаларға арналған бөлімдерін және «Б.» балаларды емдеу–сауықтыру орталығын жөндеуден өткізуге, оларды жарақтандыруға қажетті қаржы жинау мақсатында «Қазақстан бизнесі — ауру балаларға!» деген девизбен ірі қайырымдылық шара ұйымдастырылды. Оған 100–ден астам ұйымдар мен фирмалар қатысып, нәтижесінде 2 млн. доллардан астам қаржы жиналды. Қор халықараралық қарым–қатынас шеңберін ұлғайтып, Арал экология апат аймағындағы аналар мен балаларға көмек көрсететін «Аспера» ауқымды бағдарламасының қабылданып, іске асуына ықпал етті. 1995 жылы «Б.» қоры президенті Пекинде өткен халықаралық әйелдер конференциясына, Париж қаласында ұйымдастырылған халықаралық балалар құқын қорғау форумына т.б. дүниежүзілік ірі кеңестерге қатысты. 1996 жылы қор — «Б.» балалар қоғамдық қоры болып қайта құрылды. Қордың ұйымдастыруымен Қазақстан тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай дарынды жеткіншектердің «Айналайын» бірінші халықаралық фестивалі өткізілді. ЮНИСЕФ–пен бірлесіп, «Алмағайып әлемдегі балалар жағдайы» деген тақырыпта бірінші рет халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Орталық Азия мемлекеттерінің парламент, үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері қатысты. 1997 жылы Балаларды емдеу–сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. 1999 жылы ақпан айында «Б.» қоры — «Бөбек — Сара Алпысқызы қоғамдық қоры» болып қайта құрылды.
Қор Президенті Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысы Қызылжар селосында дүниеге келді. 1962 жылы Н.Ә. Назарбаевқа тұрмысқа шықты, үш қызы, немерелері, шөберелері бар. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы ЖТОО аяқтады, экономист, ҚазМУ–дың құрметті профессоры (2000 ж.).
1992 жылғы ақпан айынан бастап — «Б.» республикалық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті. Қор өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді шешу, балаларға адамгершілік–рухани білім мен тәрбие беруде қоғамға нақты көмек көрсетеді. «Б.» қоры республиканың барлық аймақтарында жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардың балаларына қолдау және көмек береді. Сара Алпысқызы 1994 жылғы шілде айынан бастап — «SOS — детские деревни Казахстана» қорының президенті («Киндердорф Интернациональ» Австрия қорының филиалы).1999 жылғы наурыздан бастап — «Демография» қайырымдылық қоры қорғаншылық кеңесінің төрайымы.
Сара Алпысқызы Назарбаеваның жетім және мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау саласында талмай еңбек еткені үшін марапаттары:I дәрежедегі Достық Ордені (желтоқсан 2001 жыл);«Алтын жүрек» халықаралық сыйақысының лауреаты (мамыр 2006 жыл); Өзін–өзі тану философиясына және оқу мәдениетіне зор үлес қосқаны үшін — Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медаль (қараша 2003 жыл);БҰҰ–ЮНИСЕФ балалар қорының естелік медалі (желтоқсан 2007 жыл); Ихсан Дограмачи атындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйақысы;Жетім балалардың мәселелерін шешуде ерекше еңбегі үшін — «СОС–Киндердорф» халықаралық қорының Алтын медалі (1999 жыл);«Unity» халықаралық сыйақысы;дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйақысының, өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани қалыптасуы, қайырымдылық және денсаулықты сақтау саласында жемісті еңбегі үшін «Курманджан Датка» сыйақысының лауреаты; Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері; «Звезды содружества» мемлекетаралық сыйақының лауреаты (2010 жыл).