БЕСШАТЫР

ежелгі қорымдар тобы, сақ дәуірінің аса ірі ескерткіші. Алматы обл. Кербұлақ ауд–нда. Қапшағай бөгенінің солт. жағалауынан 3 км жерде, Желшағыр тауының бөктеріндегі Шылбыр қойнауында. Алтынемел ұлттық паркінің құрамына енеді. 1957, 1959 – 61 жж. Жетісу археол. экспед. (жетек. К. Ақышев) зерттеді. Қорым құрамында үлкенді–кішілі 31 оба бар. Олар батыстан шығысқа қарай 1 км, солт–тен оңт–ке қарай 2 км болатын алқапты алып жатыр. 21–і таспен, ал 10–ы қиыршық тас араласкан топырақ үйінділермен жабылған. Қорым шартты түрде екі бөлікке (солт. және оңт.) бөлінеді. Солт. топка Б. зиратының ең үлкен 2– және 3–обалары кіреді. Үлкендерінің диам. 45 м–ден 105 м–ге дейін, биікт. 6–17 м–ге дейін, тиісінше орташаларынікі 25 – 38 м, 5 – 6 м, кішісінікі 6 – 18 м, 0,8 – 2 м. Ескерткіштердін көлеміне қарай жіктелуі ежелгі Б. тұрғындарының әлеум. даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында 18 оба қазылды. Олардың үшеуі үлкен, калғандары орташа жөне кіші обалар. Алынған ғыл. деректер ежелгі сақтардың әлеум. топтарға жіктелуі, шаруашылығы, тұрмыстық салт–дәстүрлері, діни наным–сенімі, архит. жетістіктері, тұтынған қару–жарағы менқұрал–жабдықтары жайлықұнды мәліметтер береді. Таспен жабылған 21 обаның алтауында шағын тастармен қоршалған ұзын тізбектер бар. Оларды жалпы саны 5–тен 94–ке дейін жететін тастардан тұрғызылған қоршаулар құрайды. Тізбектер кейбір обаны түгел орап жатса, қайсыбірінің тек шығыс жағын ғана қоршап тұр. Осындай үзын тізбекті тас қоршаулар Б–дан басқа бірнеше зираттың маңайында да бар. Оның біреуі Б–дан батысқа қарай 10 км жерде. Құрамында 45 жеке қоршау бар бұл тізбек 450 м–ге созылып жатыр. Тізбектердегі көптеген тас тақташалардың беттеріне таутеке, қабан, қасқыр сияқты аңдардың суреттері салынған. Үлкен Б. обасының маңындағы кейбір қоршаудың тақташаларына түрлі таңбаіспеттес суреттер де түсірілген. Олардың арасында күн рәмізіне жақын тұрған немесе қазақтың «көз» таңбасына ұқсас дөңгелек бейнелер кездеседі. Мұндай тізбектер қорымның тек жерлеу орны ғана емес, сондай–ақ,  діни салт–жоралғылар шерулерін өткізетін ерекше салтанат орны болғанын көрсетеді. Ерекше құбылыстардың бірі – үлкен обалардың астынан арнайы қазылған катакомба түріндегі күрделі жер асты жолдары. 6–үлкен оба катакомбасының жалпы ұз. 55 м. Жолдардың биікт. 1,68 м, ені 0,8 м. Олар жерлеу, ас беру ғұрпына байланысты діни жоралғылар өткізу мақсатында жасалатын болған. Обалардың сыртқы көлеміне қарай үшке бөлінуі олардың астындағы қабірлердің түрлерімен де сәйкеседі. Кіші обалардың қабірлері қарапайым шұңқыр түрінде, кейде лақатталған немесе тас жәшікпен толықтырылған. Орташа обалардың қабірлері киіз үй тәрізді. Үлкен обаларға аса ірі ағаш қабірлер тән. Б. зираттарының үлкен обалары көне дәуір архитектурасының сирек кездесетін айрықша ескерткіштерқатарына жатады. Ғалымдардың пайымдауынша, бір ғана Үлкен Бесшатыр обасының үйіндісінде 50 000 м3 тас пен топырақ кеткен. Оның маңындағы тас тізбектерге3 км жерден дайындалып әкелінген мыңға тарта тақташа жұмсалған. Осындай ірі обалардың қабірін қалауға жұмсалған Тянь–Шань шыршасының бөренелері Іле Алатауының бөктерінде дайындалып, өзен арқылы салмен жеткізілген. Үлкен оба қабірінің ұз. 10 м–ден астам, биікт. 4 – 5 м. Ол – асқан тех. шеберлікпен салынған құрылыс. Қабірлер үш бөліктен тұрады. 1– Б. обасы қабірінің адам жерлеген бөлігінің ауд. 3х3,3 м, бұған кіре берісте кішігірім (1,75×1,25 м) қосалқы бөлме бар.  Одан шығысқа қарай созылған ұзын дәліздің ауд. 5,75×1,50 м. Дәліз арқылы өтіп, кіре беріс бөлмеден жерлеу бөлмесіне биікт. 1,50 м, ені 0,75 м есік арқылы кіретін болған. Б. зиратының мұндай үлкен обалары сол кездегі сақ ру басылары мен әскери көсемдерінің жерлеу орны болған деп есептеледі. Орташа обаларда бұлардан кейінгі әскербасылар мен атақты жауынгерлер жерленсе, кіші обалар қатардағы жауынгерлер мен қарапайым адамдардікі. Қорымнан көбелек тәрізді бәйнегі бар қысқа семсер – ақинақ, жебе ұштары, ағаш калқан қалдығы, темір тоға, төрт ақық моншақ және іші қуыс алтын түйіршіктерден бір–біріне дәнекерленіп жасалған екі моншақ табылды. Заттай деректер Б. қорымының б.з.б. VI–V ғ–ларда салынғанын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *