БЕДЕЛ

адамның жалпы жұрт мойындаған қадір–қасиеті, ықпалы, көзқарастар жүйесі немесе белгілі бір қасиеттеріне, сіңірген еңбегіне көрсетілген лайықты құрметті білдіретін ұғым. Б. – белгілі бір адамның, топтың, қоғамдық ұйымның, әлеуметтік институттың жалпы әлеумет қабылдаған, мойындаған қабілеті мен еңбегі. Б.–дің ресми және бейресми түрлері болады. Б. алдын ала белгіленіп қойған, маңдайға жазылған нәрсе емес, ол әлеуметтік қызмет барысында қалыптасады. Б. қоғамдық қатынас ретінде адамдардың қоғамдық нормаларға, әлеуметтік тәртіпті ұстап тұру құралдарына бағынудың тарихи өзгеріп отыратын формасын білдіреді. Ықпал ету аясы мен тәсіліне қарай Б. саяси, моральдық, ғылыми, тәрбиелік және т.б. түрлерге жіктеледі, яғни билік, ғылым, өндіріс, тәрбие салаларында кеңінен іске асырылып отырады. Б. билікті жүзеге асыру тәсілдерінің бірі де болып табылады. Экономикалық және саяси қатынастарға байланысты Б.–дің қолданылу аясы, оның негіздері және Б. иегерінің өзі өзгеріп отырады.

Қоғамдық реттілік мемлекеттік механизмдерсіз сақталып отырған алғашқы қауымдық құрылыста тәртіп “дәстүр, дағды күшімен, беделге немесе құрметке ие болған адамдар арқылы” (В.И.Ленин, ТШЖ, 29 т., –438 б.) сақталып отырды. Құл иеленуші қоғамда моральдық Б. құлдық езгімен ауыстырылды. Орта ғасырда Құдай және Пайғамбарлар, “қасиетті” адамдар Б–і жоғары маңыздылыққа ие болды. Олардың Б.–і Құран Кәрімде, Хадистерде, Інжілде бекітіліп отырды. Қайта өрлеу дәуірі мен жаңа заманда діни Б. теріске шығарылып, моральдық Б.–дің (Т.Гоббс) маңыздылығына назар аударылды. Гоббстың түсінігінде Б. білімге немесе қандайда бір адамның даналығына негізделуі тиіс болды. Т.Гоббс: “Мен кімнің өкімі, кімнің үлгісі қандайда бір басшылыққа алынатын болса, соны бедел деп атаймын…” (Т.Гоббс, Таңд. ШЖ., М., 1926, –197 б.) –деп жазады. ХVІІІ ғ. француз материалистерінің (Гольбах, Гельвеций, Дидро) еңбектерінде құдай Б.–і саналы құқық Б.–мен ауыстырылады. Гольбахтың айтуынша, “елес болып көрінетін құдай беделіне қарағанда, ізгі адамдарды ұлықтайтын және қылмысты жазалайтын” саясат “біршама құрметтеу сенімін орнықтырады…” (“Системы природы…”, М., 1940, –345 б.). Батыстық индивидуализмнің дамуы адам еркінің автономиялылығын бекіту үшін моральдық Б.–ді теріске шығаруға әкелді. Фихте этикасында “таза Мен” ұяты әдептіліктің жалғыз өлшемі болып табылды, ал Б.–ге бағыну ұятсыздық болып табылды. Ницше этикасында Б. “құлдар” моралінің ұстанымы ретінде жарияланды. 

Қазіргі философияда Б.–ді түсіндіруде бір–біріне қарама–қарсы екі үрдіс орын алады, олар: фашизм идеологиясы (фюрерге табыну) шеңберінде өзінің ұшқары формалары арқылы көрініс тапқан авторитаризм (Б. иесінің шексіз күнәсіздігін мойындау), яғни кез–келген Б.–ді нигилистікпен теріске шығару және “жеке тұлғаның абсолютті еркіндігін” анархиялық жолмен уағыздау. Мыс., К.Ясперс адам қандайда бір жағдайды таңдауда ерікті дей отырып, адам бостандығы “беделдің шүбәсыздығына” және тіпті “билік беделіне” негізделетіндігін көрсетеді (К.Ясперс, Свабода и авторитет, 1951.). Тәртіп сақтау құралы ретінде Б. өндірісте, билікте, басқару ісінде және қоғамдық өмірдің басқа да салаларында адамдардың кез–келген қызмет түрінде кездеседі. Б.–дің жеке басқа табынушылыққа айналуына жол бермейтін қажетті шарт болып табылады. Халық бұқарасы мен жеке адамның тарихтағы рөлі Б. туралы түсініктердің негізі болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *