(ежелгі түрік тілінде – бақ, яғни көру, қарау) — емші, сәуегей, дәнекер, тылсым дүниемен сұхбатта болатын — медиум, жыршылық, музыкалық т.б. ерекше қасиеттері бар шамандық наным өкілі. Бақ — ежелгі түркі сөзі, қазақ тілінде, “бақ”, “бақылау”, “кесел бағу”сөздерімен төркіндес. Б. типтес адамдар жер бетіндегі көптеген халықтарда бар, олардың әсіресе түрік–моңғол халықтарының өмірінде алар орны ерекше. Б. “шаман” дінінде пайда болды. Көне сенім бойынша, адам қайтыс болған соң, жан денені тастап, ерекше бір тылсымдық дүниеге рух түрінде енеді. Қазақы түсінікте ол аруаққа айналады. Аруақтар адамдарды не қолдап отырады, немесе кесірін тигізетін де аруақтар бар. Б. осы “жын–рухтармен” тылсымдық байланысқа түсіп, оларды өз мақсаттарына пайдалана алады. Шамандық демонологиядағы кесірлі рухтарға албасты, жезтырнақ, сөрел, марту, обыр т.б. жатады. Кейін ислам діні орныққан соң олардың қатары жын–пері, шайтан, диюлармен толықтырылған. Ал, періште, перизаттар да қорғаушылардың санын толықтырған. Исламға дейінгі Б. “қам” жасаумен /“камлание”/ әрекеттенсе, кейін зікір салу да Б–ның “жын шақыру” құралына айналған. Бұл дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі діни синкретизмнің бір көрінісіне жатады. “Шақырылған” жындарының көмегімен Б. гипноздық өнер көрсете алған. Әсіресе, Б–ның емшілік әрекеттері халық арасында кең тараған. Адамның тылсым дүниесіне тікелей әсерету қабілеті арқылы Б. әртүрлі жүйкелік аурулар мен ісіктерді, функционалдық ауытқуларды емдей алған. Тарихи куәліктер Б–ның бедеулік пен қатерлі ісіктерді, сынықтарды жаза алатындығын көрсетеді. Б. емшілікпен қатар балгерлік, құмалақ ашу, сәуегейлікпен де шұғылданған. Мыс., ғұн патшасы Еділдің айналасындағы Б–лар 451 жылғы Каталун шайқасының тағдырын алдын ала болжай білген.Б–ның негізгі музыкалық аспабы қобыз болды. Қобыз сарындарында Б–лар зарлы не қаһарлы үн шығарып, жындарымен тікелей байланысқа түсе алған. Түркі мәдениетіндегі ең атақты Б. дана — Қорқыт Ата. Қазақ халқының жадында сақталған атақты Б–лар Қойлыбай, Балақай, Жанақ Шөмен т.б. Б. өнері туралы дәлелді мәліметтер бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823–55), қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың (1835–65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795–1881) еңбектерінде кездеседі.
Бақсылық ертедегі шаман дінінен сақталған ұғым. Ол кездегі сенім–нанымда: жан иесі тұрпайы денеден және нәзік болмыстан тұрады. Адам өлген соң тұрпайы денесін тастап, нәзік болмысымен жан баласы көріп–біле алмайтын жаңа бір әлемге рух түрінде өтеді; ол әлем – фәни өмірдің жалғасы, сондықтан рух онда түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды; бұлар табиғат құбылыстарына да әсер етіп отырады деп түсіндірілді. Қазақтар олардың жақсылық істерін басқаратынын аруақ, періште, перизат, т.б. десе, жамандық істерді басқаратынын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша бақсылық – әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Бақсылықтың «жын–рухтарының» аты болады. Жекелеген индивидиум ретінде қажетті кезде олар өз бақсысының алдында әйел, шал, қыз, т.б. бейнелерде тізіліп тұрады–мыс. Бақсы шақырған жындарының «көмегімен» гипноздық өнерде көрсете алады. Қай жаққа қолын сілтесе, сол жақта 5 – 10 қадам жерде тұрған заттар қылышпен шапқандай кесіліп кете береді. Киіз үйдің туырлығы тілініп, кірпіш үйдің қабырғасы қақ айрылады. Көрермен жұрт мұның бәрі бақсы шақырған «жарғыш жындардың» әрекеті деп біледі. Қылыштың жүзімен жүреді. Шоқ темірді қолымен ұстап, тіліне қариды, өткір пышақпен өз мұрнын «кесіп» тастайды. Ақыр аяғында денесінде бірде бір жара немесе сызат, белгі қалмайды. Әйел бақсыны халық «елті» деп атаған. Бақсыларға тән қасиеттердің бірі – емшілік (тәуіпшілік). Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты психологиялық тәсілдерін әр елдің бақсылары сол халықтың өзіне тән ерекше әдістер арқылы қолданған. Мысалы, қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, «жынын шақырып» зікір салу немесе гипноздық, т.б. «керемет» көрініс, әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырып, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек. Бақсылар емшілікпен қатар балгерлікпен де шұғылданған. Олардың келешекті болжайтынына, адам тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрында, кейінде сенеді. Оған негізде жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр.