ӘСЕМДІК

материалдық және рухани дүниенің адамды ләззатқа бөлейтін сипаты, эстетикалық ұғым Ә. әдемілікпен тектес. Бірақ әдемілік объектілердің сыртқы және ішкі қырларын бірдей қамтыса, Ә. құбылыстардың сыртқы көзге түсетін және пішіндік ерекшеліктерін эстетикалық тұрғыдан қабылдауға жатады. Ә. ең алдымен, тепе–теңдік, тұтастық, үйлесімділік, ырғақтылық, мақсатқа сәйкестілік, түс пен жарықтың белгілі бір мөлшері т.б. табиғи өлшемдермен айқындалады. Ә–тің осындай табиғи өлшемдерін эстетикалық түйсінуде адамның сезім мүшелерімен қатар, оның ішкі түйсігі мен ақыл парасаты ерекше рөл атқарады. “Пішіннің сыртқы әсемдігі” (Гегель) оның ішкі мазмұнымен сәйкес келмеуі мүмкін. Жылтырағанның бәрі әдемі емес. Керісінше, сыртқы сұрықсыздық пен сиықсыздық тасасында жоғары жан сұлулығын кездестіру әдбен мүмкін. Ізгілік пен жылылықтан алыс Ә. кейпіне ежелгі қазақ аңыздарындағы Пері қызы, грек мифологиясындағы Нарцисс бейнелері жатады. Ә–ті рухани сұлулықтан алшақтатып жіберген дұрыс емес. Өмір мен өнерді Ә. рухани қуаныш пен ләззатқа бөлей отырып, қоғамда зор танымдық және тәрбиелік рөл атқарады. Адам дүниені Ә. үлгісінде қайта құруға ұмтылады. Адамның түрі де, киімі де, жаны да, ойы да әсем болуы керек. Шынайы Ә. адамның шығарм. дарыны мен қабілетін дамытаотырып нағыз әдемі және сұлу тұлға мұратына ұмтылуына жігерлендіреді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында Ә. өмір мұратына айналып, оған үлкен көңіл бөлінген. Мыс., қазақтар киелі әйел ананы өте әсем, сұлу және қайырымды, жарқын жүзді, күміс шашы аспанды жарқыратқан, күн сәулесі мен кемпірқосақ нұрына шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келіншек немесе қыз ретінде таныған (Орынбеков М.).

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *