АР

адам бойындағы адамгершілік қасиеттің өлшемі, тұлғаның өз әрекетімен ниеті үшін жауаптылығын сезінуі және адамның өзіне–өзі ұждан тұрғысынан баға бере білуін бейнелейтін әдептанулық категория. Этикалық әдебиетте А. туралы көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер кездеседі. Сенека А. деп адамгершілік өлшемдеріне байланысты біздің мінез–құлықтарымызды құптайтын немесе айыптайтын ішкі дауысымызды айтады. Стоиктер яғни ежелгі Стоя қаласының ойшылдары бұл ұғымды адамды қорғап тұратын күшпен теңейді. Діни танымда оны адам бойындағы имандылық деп қарастырады. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген пікір бар.  Қазіргі батыстық этикада ардың беделшілдік және гуманистік түсініктері айқындалған (Э. Фромм). Біріншісі сырттан танылған құндылықтарға икемделумен байланысты болса, екіншісі адамның өзін–өзі тәрбиелеуіне қатысты. Қазақ халқының дәстүрлі әдеп жүйесінде А. ұғымы жоғары бағаланады. Кісіліктің негізгі қасиеттерінің бірі – арға кір түсірмеу. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейді халық мақалы. Қазақта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақал бар. Абай арды надандық ұят және шын ұят деп екіге бөледі. Надандық ұяты дегеніміз – жас баланың сөз айтудан ұялғаны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Ал шын ұят – шариғатқа, абыройға теріс, ақылға сыйымсыз, сөкет қылықтан ұялу. Бұл – тек есті адамға ғана тән қасиет. Ал екіншісі – өзің істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылықтан ұялу. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өзің сөгіп, қылған қысымның аты екенін айтады. Абай, Шәкәрім барлық әдептілік түсініктерін «А. ілімі» маңайына топтастырған. Ары бар кісі ғана иманды, ізгі, парасатты болып келеді. Шәкәрім айтқан «арлы азамат» – жақсы мен жаманның айырмашылығын терең түсінетін, сөз бен істе түзу, әділ, намысшыл адам. Оның пікірінше руханилыққа жеткізетін 4 жол бар: 1) еңбек; 2) өнер; 3) жалпы білім; 3) А. ілімі. Соңғысы кісіліктің түп қазығы болып табылады. А. – адам болмысының моральдық мазмұнын анықтайтын жинақтық (кумулятивті) түсінікті білдіретін ұғым. А. ұғымы адамның өз іс–әрекеті үшін өзінің алдындағы моральдық жауапкершілікті түсінуін және оны сезінуін, сонымен қатар, әділетті де пәк болуға деген ішкі ниетін, ішкі интенциясын білдіреді. Сондықтан А. индивидтің адалдық, шыншылдық, әділдік, кеңпейілділік, кісілік, ұждан сияқты сапалық белгілерін бағалаумен байланысты болатын моральдық–этикалық және әлеуметтік кешенді құбылыс. А. адамдардың табиғи болмысынан өрбіп отыратын жалпы рухани–әдептік кеңістікті қамтитын жалпы категория. А. – адамға қатысты сезім, оның тұлғалық құрылымының құрамдас бөлігі болып табылатын болмыстық қасиет. “А–сыз адамның қоры” (Ж.Баласағұн), “Ары жоқтың ақылы жоқ” (мақал), “А. жазасы – бар жазадан ауыр жаза” (М.Әуезов) дегендер жоғарыда айтылғандардың дәлелі. Сонымен бірге, А. қандайда бір мәдени немесе әлеуметтік дәстүрдің, материалдық немесе жеке адам амбициясының ықпалымен өмірге келген салыстырмалы ұғым ретінде де қабылдануы мүмкін. Қоғамның моральдық өмірінде А. адамның мінез–құлықтарын реттеуші қызметін атқарады. Бір жағынан ол адамның іс–әркетін бағалайтын болса, екінші жағынан, адамды кейбір маңызды, әлеумет үшін құнды істерге итермелейді, үшіншіден, ол теріс істерден сақтандырушы қорғанысы болады. Мұны “Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлік тұрмас па” (Қазыбек би) деп айтқаны айғақтап тұр. Шәкәрімнің “ар ілімі” бойынша, А. – адамның Алла аманатын сақтаушы және жауап беруші рухани субстанциясы, а. – жанның болмысы. А. – адам болмысындағы түйінді моральдық құндылық. А. мен зұлымдық егіз ұғым ретінде анықталады. Шәкәрім: “Дәлелім – ұждан, зұлым бар тетелес” –дейді. Ардың атрибуты ретіндегі адам әділ болуы керек деп есептейді. А. – адамның адами болмыс кеістігі, өрістік шегі. А. адамның моральдық санасының негізгі ұстындық категориясы. А. – тұтастай бір концепт, ілім. Сондықтан А. – адамзатына тән моральдық жүйе. Қазақта “малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” –дейтін ұстаным бар. “Арыңды сатпа, малыңды сат” (Бапан би) – дейтін қағида бар. А. ілімі әлеуметтік реттеушілік, ұйымдастырушылық қызмет атққаратын қағидалар, ұғымдар жүйесі болып табылады. А. концептіне арқау болатын моральдық жүйе негізінен әділеттілік ұғымы төңірегіне тоғысады. Әділдік ардың ішкі мәні мен мазмұнын білдіретін алтын діңгек қызметін атқаратын ұғым, ол – адамның арлы санасын өлшеу таразысы. Әділдік теңдік пен шынайылыққа негізделеді. Арлылық мінездің шолғыншы–өшеуіші ретінде “ұят” ұғымын алуға болады. Ұят ардың нақты жағдайда көрініс табу формасын білдіреді. Мысалы, қорқақтық жасау – ұят, әдепсіздік көрсету – ұят, үлкенді сыйламау – ұят, қонақты күтпеу – ұят және т.б. Сондықтан “ар–ұят – адамның жан азығы” болып табылады. А. түсінігіне тиімділік және эмоционалдық компоненттер біріктірілген. Ол ұжданды пайымдауда көрінетін іс–әрекеті үшін өзінің жауапкершілігін түсінуді және қуаныш пен мақтаныш немесе ұялу мен өкініш сезімдерінен көрінетін моральдық қанағаттануды немесе жәбірленуді қамтиды. Қазақы дүниетанымда адамдағы ішкі рухани ардың шектеулілік мүмкіндігін бұзатын, яғни жоққа шығаратын құбылыстар қатарына адамның биологиялық тіршілігі үшін маңызды рөл атқаратын тамақ, ұйқы, күлкі сияқты іс–әрекеттер жатқызылады..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *