грек. antropos – адам, morphe – форма, пішін) — адамзаттық, халықтық дүниетанымдағы жаратылыс иелерін (құдайды, періштелерді, мал–жан иелерін), табиғаттағы нәрселерді (ғарыштық, геогр. объектілерді, жан–жануарларды, өсімдіктерді т.б.) адамға ұқсату құбылысы, өнердегі көркемдік әдіс. А.ежелгі дүниетаным мен ілкі санадан бастау алатын құбылысқа жатады. Ол байырғы мифол. және діни аңыздардан айқын байқалады. А. қазақ халқының арасында да кеңінен таралған. Адам кейіпіндегі киік, жын, пері, дию, жезтырнақ, албасты т.б. ұғымдар осының айғағы. Көшпелі қауым өздеріне бағыт–бағдар сілтеуші жұлдыздар (Темірқазық, Жетіқарақшы, Ақбозат пен Көкбозат т.б.), желеп–жебеуші табиғат күштері (Жер–ана, Көк тәңірі, Ай, Күн, т.б.), төрт түліктің иелері мен киелері (Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба, Ойсыл Қара) туралы түрлі аңыз–әңгімелер шығарған. “Жеке батыр”, “Толағай”,”Балқаш”, “Қаратал” секілді ата–қоныс, мекен–жай атауларына байланысты, байғыз, көкек, сауысқан, қарға, тасбақа, т.б. аң–құс, жан–жануарлар туралы аңыздар халықтың дүниетанымындығы А–ге айқын мысалдар болып табылады. Қазіргі санада ол тілдік метафоралар мен көркем бейнелер арқылы сақталған (жарық дүние, мүлгіген табиғат, қатаң қыс, қу түлкі т.б.). Поэзияда антропоморфтандырылған бейнелер басты көркемдік құралдардың біріне айналды. А–ді тек архаикалық сананың қалдығы деп қарастырған дұрыс емес. Ол ғылымы мен техниканың озық салаларында да жиі көрініс табады (ойлайтын машина, есептеу техникасы, ақылды робот т.б.).