АНОМИЯ

(франц. anomіc – заң, ұйымдасудың жоқтығы) — қоғамның құндылықтар жүйесіндегі түбегейлі дағдарыстарды білдіретін ұғым. А. өзінің төмендегідей белгілерімен аңықталады: 1) қалыптасқан құндылықтардың мәнін жоғалтуы салдарынан болатын ретсіздік, нормативтік–баптық вакуум; 2) әлеуметтік үйлесімдіктің жоғалуы, қоғамдағы құндылықтардың жиынтық бейнесіне айналған жеке тұлғалар беделінің жоғалуы; 3) адамдардың жоғары мұраттардан, өмірлік құштарлықтарынан  айырылуы; 4) мінез–құлықтағы тұрақсыздық, өзін–өзі өлтірудің көбейуі, т.б. А. терминін ғылыми айналысқа енгізген француз ғалымы – Э.Дюркгейм (1858–1917). “Еңбектің қоғамдық бөлінуі” кітабында А. еңбек бөлінісінің бұрмалануы нәтижесінде пайда болады деп тұжырымдайды және оның себебін мамандандыру кезіндегі адамдар арасындағы ынтымақтастық пен үйлесімдіктің жоғалуынан көреді. “Өзін–өзі өлтіру” деген еңбегінде Дюркгейм эгоистік, альтуристік және А–лық суицидтердің түрлерін атап өтеді. Соңғысы дәстүрлі шектеу нормалары шайқалған кезде ырықсыз құмарлықтан туындайды делінеді. Шектелмеген тілектер орындалмаған жағдайда адамдарда шешімі жоқ тұйық дағдарыстар пайда болады. А. ұғымын қазіргі социологияда әрі қарай дамытқан американдық ғалым — Р.Мертон (1910). Ол А. мәселесін ауытқушылық әрекетпен байланысты қарастырады. Мұндай әрекет тұлғалық мақсаттарға заңды құралдармен жете алмайтын жағдайларда қалыптасады. Нақтылы мәдени жүйеде туындайтын мүдделер үстемдік етіп тұрған басқарушы және реттеуші тетіктерге қайшы келуі мүмкін. А. әсіресе, өтпелі қоғамдарда жиі кездеседі. Бұрынғы әдетке айналған бағдарлар жаңа талаптарға сәйкес құндылықтармен жылдам ауыстырыла берілмейді. Мұндай қайшылықтар тұлғалар санасында ауытқушылық туғызуы мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *