Алматы обл. Есік қ–нан солт–ке қарай, Есік өзенің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі. 1969 ж. археолог К.Ақышев тапқан. 40–тан астам обадан тұратын қорымның оңт. шетінде диаметрі 60 м, биікт. 6 м үйінді төбе астынан екі қабір ашылды. Біреуі ертеректе тоналған. Екіншісінен жасы 17–18 шамасындағы сақ жауынгерінің мүрдесі ашылды. Қабір шырша бөренелерден жасалған, өлш. 3,Зх1,9м, биікт. 1,5 м, сол жақ бөлігіне койылған сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған. Қабірдің оңт. жөне батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан жасалған ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған. Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденінде тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған. А. а. киімі 4 мыңға жуық жеке бөлшектерден тұратын алтын әшекеймен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, жылқы, түрлі құс бейнелерін беретін «аң стилінде» жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шашақ төбелі, ұз. 70 см шамасында. Мойынында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырмалы белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты қызыл семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салған темір қанжар–ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Бұл адамның б.з.б. 5–4 ғ–ларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, А. а–ның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті ел–басы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Табылған күміс тостағандағы 26 жеке әріптер қатары сол кездің өзінде Жетісу сақтарында көне әліпби түрлері қолданылғанын байқатады. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін А. а. сол кездегі сақтарда қалыптасқан алдыңғы қатарлы өркениет болғандығын дәлелдейді. Қазір А. а. бейнесі Қазақстанның тәуелсіздік символы болып табылады. Оның тұлғасы Алматыдағы Республика алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі мемл. гербке енді.