АҚЫН–ЖЫРАУЛЫҚ

ойды образға орайтын, өнеге мен әдептіні қорғайтын өнер,  адам өзін, ел есін жиған кездегі тұтас көркемдік феномен. А.–ж.–қ, а)  қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы тамыр жайып келе жатқан қызықты да қуатты, кең таралған көне түрі; ә) қазақ халқының көркемдік талғамы мен дүниетанымын қалыптастырған, сөз өнері мен адами үлгісін саптаған шеберліктің ерекше өрнегі; б) ежелгі замандағы фольклорлық сипаттан көркем руханиятка айналған, көркемдіктің асқақ нәзігіне жеткен, кәсіби әдебиетке көтерілген көп жанрлы ұлттық өнер; в) ұлттық күш–қайраттың, өршіл ойдың, мұқалмас жігердің көрінісі, әрі жаршысы. А.–ж.–ық халық мәдениетінде көркемдік–эстетикалық қызметті әрі жанрлық–стадиялық тану принципін ширатты. Бағдарлы бұл талғам мен таңдау күнделікті тіршілік болмысын қарапайым сипаттаудан көркемдік бейнелеуге көтерді, елдік санадағы өмірлік шындық пен тарихи–мәдени тәсілді жаңғыртты. Ауызша шығарм–ық жазба әдебиетімен үйлескенде жыраулық әдеби мәтіндер құрылым жағынан тұрақтанды, құндылық жағынан жаңарды, мазмұндық жаңаруда  мұралық өрнектерді жетілдірді.

А.–ж.–қ а) сезімталдық пен пайымдаудың, тіл мен ойдың  үйлесуіне, үлгісіне, үрдісіне сүйенеді, ә) жеке тұлғаның қабілет–қасиетімен ұштас, үйлес келеді, б) халықтың ойын–сауығы мен дәстүрімен тұстастығын арттырады. Оның мазмұны «бұрында өткен белгілі халық батырларының өнері мен қаһармандық іс–әрекеттері болып келеді», оның жолдары «шығарма кейіпкерлері немесе қаһарман сөйлегенде ғана басталады» (Ш. Уәлиханов). Оның ерекшелігін этномәдениеттің басты жетістігі мен желісінен, халықтық шығарм–тың рухани жаңғыруынан және халық өнерінің озық нұсқаларынан табамыз.

А.–ж.–лық өмірге және адамның өзіне деген көркемдік сипаттама ғана емес, дүниетанымдық сараптама, философиялық тоқтам–түйін. Оның ағартушылық құндылығы төрт бағдарда:

а) адам болмысын, ел бітімі мен халық үнін түгендеуден білінеді;

ә) әдебиетті көркемдік, шешендік тілмен байытудан әлденеді;

б) адамның еркіндігі мен ұлттық сана–сезімін оятудан серпіліс алады; в) ауызша шығармалықтың қарымында, өлеңнің танымдық кең көкжиегі мен тапқырлығында жалғасын табады. А.–ж.–та образ, ой, талғам, талдау ойсанамен үнемі тұтасады; табиғи құбылыстар идеясы, эстетикалық идея, ақыл идеясы имандылық аясында, салыстырмалы сарында, субъективті мақсат–мұрат  сарынында өрбиді.

А.–ж.–лар халықтың мұралық өрнектерін құнттады, оларды шығармашыл дәстүр ретінде жетілдірді. Олардың өнерінде: а) көркем сөздің, көркем ойдың нышаны айқын, ә) тұлғалы кейіпкердің мүдделі қимыл–әрекеттері пайымдалынды, б) шығармашылық дарын мен дәстүр ұстанымы сабақталды, в) көне заманның және ауызша шығармашылықтың әр саласындағы сұхбаттық дәстүр ауқымдалынды. Олардың «тілі – шырын, жыры – кент. Олар үшін «замана жайы – терең сыр, замана жыры – бітпес жыр» еді (Жамбыл). Қандай жағдайда қазақ болып қалу керектігін айшықтап берген, осы А.–ж.–лар.

Жырау деген атаудың өзі «жыр» сөзінен шыққан. Махмут Қашғари жырау сөзін (йырағу) өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді. Жырау сонау көне заманда ақын ретінде танылған. Ж.–дың басты белгілері, а) ақындық, яғни өз жанынан өлең шығаратын қабілетінің болуы, ә) адамның жаны таза, тәні күшті болуы, б) ж.–лар – жасампаз тұлғалар, яғни ақындармен қатар, батырлар, рулар, тайпалар және ұлыстар басшылары. Жырау – өнегелі сөздерді кейінгіге дөп сақтайтын, қажет кезінде өзі де толғап, жырлап айта алатын бірегей өнер шебері; поэзиядағы толғаныс, тапқырлық, табан тіреген ашық та батыл әрекет. Ол «дуалы» сөзімен, «көмекейлі» үнімен жүрек тебірентті, оқиға желісімен тыңдарман ойын жаулап алды, көңілін ұйытты. Жырау адамның рухани күш–қуатын алдыңғы шепке шығарды, жоғары бағалады. Ж.–дың әлеуметтік орны мұнымен шектелмейді. Ж.–лар тобы – текті, мәртебелі, өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөйі, абызы болғандар. Олардың мәртебесі заман ағымына орай өзгеріп отырған.  Жырау ел арасында, көптің төрінде өзінің ел басқару қабілетін қайрады әрі шешендік өнерін танытты. Сондықтан да болар, ж.–ды тек ақын деп қарастырмай, оны енді бірде көріпкел–әулие, рухани ұстаз, идеолог деп те қабылдаған.

Ж.–шы ақын көркем сөз  қуатымен, сыйымды ой айтты, таза жан шындығын жеткізді, ойды өреге жеткізер амал–әрекеттер ұсынды, ұрпақтың күрделі ұғымдарын көкейге құйып, олардың мән–мағынасын құнттап өтеді. Ж.–шы әлемді қабылдау мен айшықтаудың тылсым да сырлы бейнесін жасады, көптің шынын суреттеуде өресі биік сөздерді қолданды, тың ұғымдарды айналымға тартады. Ж.–ның қадірі – әділетті әлпештеуінде, шындыққа жол ашар әлділігінде. Жырау мәдениетінің шеберлері ұлттық дүниетаным жүйесін қалыптастырды, оны тіпті заман талаптарына сәйкес жоғары тұғырға көтерді.

Ж.–лық поэзия ХҮ–ХҮІІІ ғғ қазақтың халық поэзиясының негізін құрды, қазақ дәстүрін қайта түлетті деген ғылыми көзқарастар айқын. Өйткені Ж.–ық поэзия ежелгі ауызекі және қауымдастық дәстүрлерді жаңғыртты, заманына орай, қоғамдық сұранысқа қарай тың тақырыптарды көтерді. Ж.–лық  а) айтыс–тартыста демеулік тапты ә), тұлғалық адалдық пен асқақтықтың серпілісі; б) белгілі бір ойшыл көмейінен ағып тұрған түсінікті көзқарастың жүйесі, әрі шабыт пен сенім жиынтығы. Ж.–лар поэзиясы – қазақ халқының рухани–мәдени, қоғамдық–саяси, әлеуметтік өмірінің айнасы. Ж.–лық сөз – халықтық дүниетанымның бастауы. Онда әлеуметтік сарын, азаматтық нысана, дара көркемдік өзгешелік сабақтасып, астасып жатады. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Ж.–лық дәстүр, біржағы, көңіл, діт, жүрек ырқына орай, біржағы, толғау, толғану, толғаныс. Ол алдымен ділгірліктен туындайтын мұқтаждық;  көркем сезімталдығымен, шабытты толғанысымен, еркін ойлауымен тартымды.

Ж.–лық поэзияның алғашқы өкілдері Дешті Қыпшаққа даңқы жеткен Қодан, Тайшы, Сыпыра, Асан Қайғы, Қазтуған, Қожаберген сияқты жыраулар көне дәстүрлі мұраны рухани жалғастырған және жаңғыртқан ақындар, арқалылар, алыптар. Ж.–дың ішінде биші, ақылгөй, мемлекет ұраншысы болғандар (Асан қайғы, Бұқар,), көшпенді шонжарлар, ауқатты ортасынан шыққандар, рубасы, әскербасы болған батырлар (Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шал ақын) көп–ақ. Олар, бірде, айдынды аламан, арқалы жыршылар ретінде, енді бірде, жақсы тәрбие мен көнекөз білгірлер, көш–қоныстың өмірлік тәжірибесін әскери жорықта көрсете білгендер, көп қырқысқа қатысқан білектілер ретінде көзге түседі. Ж.–лар шығармаларында халықтық дүниетаным, Алланы тану, әдеп, әдет–салт, тіршілік иірімдері, ерлік пен батырлық, қысқасы адам болмысының күллі қыры мен сыры қамтылды, қарастырылады;  елдің бірлігін ту етті, ішкі және сыртқы жаулардың қайсысымен болмасын бітіспес күресуге шақырды. Ж.–лар азаматтық, ерлік, әлеуметтік мәселелерді көтерді. Елдің бостандығы мен егемендігін, адамның рухани тәуелсіздігін әрдайым тілге тиек, ойына арқау етті.

Ж.–ларды Ш. Құдайбердиев «әулие», ал Ә. Марғұлан «әулие жырауды» ақындардың ішіндегі ең құрметтісі деген. Халқымыз болашақты болжай білгендерді «әулие» деп кеткен. «Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие дегені сол болса керек» – деген еді Шәкәрім. Ж.–лар – заманның ойлы, алғыр перзенттері. «Ж.–лардың көбінесе әрі суырып салма ақын, әрі батыр, әр данагөй және сәуегей болып келуінің себебі сол тұстағы Қазақ хандығының өмір салты мен тұрмыс–тіршілігінің көшпелі–бақташылық болуына және ұдайы жаугершілікті басынан кешіруіне байланысты еді» (С. Қасқабасов). Олар қазаққа қорған боп, қалмаққа қарсы шапқан батырлар, әділ билігімен, хас батырлығымен  алаштың айбыны болған ірі тарихи тұлғалар.

А.–ж.–лар көзқарасы, а) интеллектуалды ресурстың қуаты, ә) қоғамдық дамудың үйлес бейнелері және оның озық ойларының жиынтығы ретінде танымал. Ақын–жыраулар «қазақтың жанды бейнесін барлық жағынан көрсетуге» ұмтылған (Диваев) азулы тұлға ретінде өмірдің адамгершілік бастауын паш етті, әрі дүниенің келбетін келістірді. Олардың төл тұлғалары өз заманындағы ерлікті,  елдікті мадақтап, көпшілікке паш етті, ерлікті елдіктің қаруы да, туы етті. А.–ж. үшін ер – асыл адам, дана, батыр, әулие. Олар әрдайым елдіктің рәміздерін қастерледі, оның қолбасшыларын марапаттады. Қазақтың А.–ж.–ғы өміршең дәстүрлі деңгейімен құнды  әрі қажет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *