АККУЛЬТУРАЦИЯ

(лат. adcultura – білім, даму) — белгілі бір халықтың мәдениеті жоғары дамыған басқа бір халықтың мәдениетін толық немесе жартылай қабылдауы нәтижесінде болатын мәдени өзара ықпал процесі. А. ассимиляция және этникалық бірегейлік пен тұтастану процестерінің көптүрлілігіне қатысты қарастырылады. А. ұғымы алғаш рет Солтүстік Америкалық үндістік тайпалардағы мәдени өзгерістерді зерттеген мәдени антропологияның американдық мектебінде (Д.Боас, У.Холмс, У.Мак–Джи, Р.Лоун) ХІХ ғ–дың аяғынан бастап қолданылды. Алғашқы тар мағынасында бұл ұғым үндіс тайпаларының ақ нәсілді американдықтардың мәдениетін біржақты қабылдап, ассимиляцияға ұшырауына байланысты пайдаланылды. ХХ ғ–дың 30 ж–нан А. ұғымы мәдени антропологиялық мектептің басты ұғымдарының біріне айналды. А. процестерін зерттеуде 1940 ж. жарияланған Линтонның “Американ үндістерінің жеті тайпаларындағы А.” еңбегінің үлкен теориялық маңызы болды. Бұл еңбекте А–ның екі типі аталады: 1) әскери–саяси өктемдік жоқ жағдайында өзара қарым–қатынасқа түскен мәдениеттердің бір–бірінің құндылықтарын еркін қабылдауы; 2) әскери немесе саяси басым топтың бағыныңқы мәдениетке өз құндылықтарын нысаналы және күшпен танытуы. 1950 ж–дарға дейін А. процестерін зерттеу Батыстағы мәдениеттің басқаларына тигізген әсерлерін қарастырумен байланыстырылды. Басқалары батыстандыру аймағы болып табылады делінді. 1950–60 жылдардан бастап А. аумағы кеңірек қарастырылды. Батыстық емес мәдениеттердің өзара байланысы және олардың А–лық қуаты сараланып, испандандыру, жапондандыру, қытайландыру процестері ғылыми талдаудың пәніне айналды (Дж.Фостер, Дж.Фелан, т.б.); А. тәсілдері күрделі қоғамдардағы урбанизация процесін зерттеуде пайдаланылды (Р.Билз). Егер бұрын басым мәдениеттің “төмен” мәдениетке тигізген әсерлері сөз болса, енді кері әсер (мыс., африкалық әуендік ырғақтардың қазіргі музыкаға әсері) туралы жиі айтыла бастады. А–ны әртүрлі мәдениеттердің тоғысуы нәтижесінде жүзеге асатын мәдени сұбхат ретінде қарастыру алдыңғы қатарға шықты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *